• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2015

Сайлау – бір идеяға жұмылдыру

346 рет
көрсетілді

Кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысына байланысты қазіргі таңда қоғам қызу талқылау жасауда. Бұл жөнінде сара мамандардың көзімен саралап, саясаткерлердің пікіріне жүгінсек, президенттік сайлау­ды мерзімінен бұрын өткізу – ел бірлігін нығайту мен қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру үшін таптырмас шешім екендігі айқындалады. Кеше Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында өткен «Аманат» интеллектуалды пікір-сайыс клубы­ның ұйымдастыруымен бірқатар мамандар бас қосқан жиын болды. Онда қазіргі таңда орын алып отырған геосаяси ахуалға қатысты, сонымен қатар, ел экономикасы төңірегінде сөз қозғалған пікірталас барысында біршама мәселелер айтылды. Референдумға байланыс­ты сұ­рақ­тарға нақтылай жауап берген сая­саттанушы Ерлан Саиров бұл сұрақты төртке бөліп, тарқатып айтты. Онда, жалпы бұл сайлау қажет пе? Қажет болса не үшін өзекті? Дәл биыл өткізу не үшін қажет? Сайлаудың қандай формалары болуы қажет? деген сауалдардың жауабын халық­аралық жағдайға шолу жасай отырып, мәселенің мәнісін баяндады. «Соңғы 10 жылдықта Батыс пен Ресейдің арасында болып жатқан геосая­си тартыс өзінің ашық фазасына шықты, әсіресе, биылдың қаңтары мен ақпанында ыстық текетіреске келіп отыр. Сонымен қатар, Минск келісімі іске аса ма, аспай ма деген сұрақ туындайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін шиеленістің ыстық фазасы биылғы жылға сәйкес келіп отыр. Бұл халықаралық деңгей­дегі геосаяси текетірестің басқа арнаға ауысқандығын көрсетеді. Ауғанстандағы дағдарыс Орталық Азия елдеріне үлкен әсер ететіні сөзсіз. Сонымен бірге, қарыштап дамып келе жатқан Азия-Тынық мұхит аймағында да үлкен аумақ­тық жанжалдар бар. Әлемде қан­дай үлкен жанжалдардың бар екен­дігін көре отырып, осындай геосаяси шиеленіс геоэкономи­ка­лық дағдарысқа алып келетін­ді­гін аңғару қиын емес», деген сая­саттанушы осындай кереғар жағдайлардың салқыны біздің елге әсер ететінін қоса айтты. Ал осындай жауапты кезеңде әр мемлекет өз дәрежесінде шешім шығарады, өз ретінше қолға алады, дей келе, Елбасы Фран­ция президентімен, Гер­ма­ния канц­лерімен, АҚШ прези­дентімен тікелей байланыста болып, осы жанжалдарды шешуге өз үлесін қосты деп айтуға толық­тай негіз бар, бұл дегеніміз біздің елдің халықаралық дәре­жедегі модераторлық деңгейге жет­­кендігін көрсетіп отыр, деді Е.Саиров. Келесі кезекте сөз алған М.Әбе­нов: «Мен жалпы алғанда сайлау­дың заңды түрде өткенін қолдай­мын. Дегенмен, қазіргі жағдай­лар тездетуге итермелеп отыр. Сайлау – елді біріктіретін ең мықты құрал. Біз осы уақытқа дейін қанша сайлау өткіздік, сол тұста халықтың бірігуін көруге болады. Мұндай сайлаудың болатыны күзде сезілді. Естеріңізде болса, Елбасының Жолдауы жария­ланды, оның ерекшелігі сол – ол ұзақ мерзімге арналған бағдарлама болатын», дей келе, біз өндіріске өзгеріс жасадық, ал ендігі кезекте саяси өзгерістер жасамай, азаматтардың сана-сезімін өзгерте алмайтындығымызды айтты. Ал сайлау кезеңі соған толықтай мүмкіндік береді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».