• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Қараша, 2025

Жүлде жауған аламан

30 рет
көрсетілді

Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан жазғы Сурдлимпиада аламанында спортшыларымыз орасан олжаға кенеліп жатыр. Сайыстың алғашқы аптасында-ақ еншілеген алтын медаль саны жөнінен тарихи нәтиже көрсетті.

Жапон жерінде сурдо дзюдошыларымыз жүлдеден тау тұрғызып, бұрын-соң­ды бұйырмаған жетістікке кенелді. Бұған дейін осы спорт түрінен Хамза Ғұлама (66 кг), Шадияр Қуандық (-73 кг), Еркебұлан Қанафиннің (81 кг) топ жарып, әнұранымызды шырқатқанын сүйіншілеген едік. Әйелдер арасындағы тартыста Әмина Файзулина (70 кг) Сурд­лимпиада чемпионы атанды. Ерлер сайы­сында Айдарбек Тоқтарбек (100 кг) күміс жүлдені місе тұтты. Ал Сабыржан Хапизов (+100 кг), Алтынбек Кәкітаев (60 кг), Айым Жетпісбаева (48 кг) мен Анна Карморова (78 кг) қола медаль иеленді. Балуан­дарымыз командалық тартыста да табандылық танытты. Еліміздің ерлер командасы дзюдодан командалық жарыс­та жеңімпаз атанса, әйелдер құрамасына күміс жүлде бұйырды. Сурдо жеңіл атлети­кадан да 1 алтын, 1 қола жүлдеміз бар. Жеңісті сапар әлі де жалғасары сөзсіз. Сурд­лимпиада бәсекесі 26 қарашада мәре­сіне жетеді.

Есту қабілетіне зақым келген спорт­шылардың ең беделді бәсекесі саналатын Сурдлимпиада сайысына 81 елден 3 мыңға тарта спортшы қатысып, 21 спорт түрінен медальдар жиынтығы үшін бағын сынап жатыр. Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті Серік Сәпиев спортшылардың орасан жетістігі тынымсыз жаттығу мен ерен еңбектің жеңісі екеніне тоқталды.

– Сіздер сенімді ақтап, жанкүйерлерді қуантып, ерен табысқа жеттіңіздер. Бұл – ұжымның ортақ жеңісі. Елімізде сурдо спорт түрлерімен шұғылданушылар үшін инфрақұрылымды жақсартуға айрықша көңіл бөлініп, кешендер бой көтерді. Әлі де салынып жатыр. Мұның барлығы да спортты дамытуға тың серпін береді, – деді С.Сәпиев.

2022 жылы Бразилияда өткен XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарында спортшыларымыз 29 медаль (оның төртеуі алтын) еншілеп, рекордтық нәтижемен оралған еді. Ал Токио төрін ұсынған төртжылдық аламанының алғашқы күндерінде-ақ 13 медаль (алтауы алтын) олжалауы ел спортын өркендетуге айрықша көңіл бөлінгенін аңғартса керек. Доданың көрігі енді қызып келеді, қанжығамыз әлі де майлана түсетіні анық. 

Соңғы жаңалықтар