• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2010

ЕР МЕРЕЙІ – ЕЛ МЕРЕЙІ

966 рет
көрсетілді

ӘЛЕМ ЕЛБАСЫМЫЗДЫ ҚҰТТЫҚТАУДА Бүгін – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған күні. Мемлекет басшысы жоталы жастың биігіне көтеріліп отыр. Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтырып, бүкіл әлемге танытып, мойындатып берген қайраткердің мерейтойы халықаралық қоғамдастықтың да назарында тұр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының, сондай-ақ бүкіл әлемдегі танымал саяси қайраткерлердің көптеген жеделхаттары түсіп жатыр. Еліміздің жақсы атын арттыратын бұл Жолдауларда Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық, халықаралық саясаттағы, Қазақстанның серпінді дамуындағы, конфессияаралық және этносаралық келісімнің табысты моделін қалыптастырудағы, ядролық қаруға қарсы әлемдік қозғалыс көшбасшылығындағы аса көрнекті рөлі атап көрсетілген. Ел мерейіне айналған ер мерейіне бірге қуанайық, халайық! Дмитрий МЕДВЕДЕВ, Ресей Федерациясының Президенті: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің мерейтойыңызға байланысты менің жүрек­жарды құттықтауым мен ең ізгі тілектерімді қабыл алыңыз. Қазіргі Қазақстанның мемлекет құрудағы, әлеу­меттік-экономикалық дамудағы, елдің халықаралық аренада тұғырын биіктетудегі табыстары Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Көреген де дана саясаткер ретінде Сіз өз халқыңыздың танылған көшбасшысы беделіне ие болдыңыз. Сіздің Ресей-Қазақстан стратегиялық әріптестігін қалыптастыру мен тереңдетуге қосқан жеке үлесіңіздің орны тіпті бөлекше. Оның негізінде біздің халықтарымыздың достығы мен тату көршілестігінің сан ғасырлық дәстүрлері жатыр. Жыл өткен сайын Ресей мен Қазақстанның ара­сындағы одақтастық қарым-қатынастар эконо­ми­калық және гуманитарлық салалардағы, өңіраралық ын­тымақтастық саласындағы жаңа ауқымды жоба­лармен байи түсіп келеді. Біздің елдеріміз аза­мат­тарының әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік-эко­но­микалық саланы жаңғыртуға бағытталған иннова­ция­лық және жоғары технологиялық өзара іс-қимылды серпінді дамыту ортақ басымдық болып табылады. Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі ықпалдас­тық үдерістерін дамытуды көздеген табанды бағыты лай­ық­ты мойындалып отыр. Көбіне-көп Сіздің бас­та­машыл көзқарасыңыздың арқасында ТМД, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ және АӨСШК сияқты өңірлік бір­лес­тіктер жұмысының тиімділігі арта тү­суде. Кеден ода­ғы мен біртұтас экономикалық кеңіс­тік қалып­тас­тыру жөніндегі уағдаластықтардың жү­зе­ге асырылуы біздің елдерімізді өзара тиімді ықпал­дас­тықтың қазір­гіден де жоғары деңгейіне алып шығатынына сенемін. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізбен арамызда қалыптасқан жарқын жеке қарым-қатынасты, сенім мен өзара түсіністіктің жоғары деңгейін қатты қадір тұтамын. Шын жүрегімнен Сізге мықты денсаулық және достас Қазақстан халқының өркендеуі жолында жаңа табыстар тілеймін. *  *  * Ху ЦЗИНЬТАО, ҚХР Төрағасы: – Президент мырза, Сіздің 70 жылдығыңызға байланысты менің шынайы құттықтауымды және ең ізгі тілектерімді қабыл алыңыз. Қазақстан Республикасы Президентінің лауазы­мын­да Сіз Қазақстан халқының арасында жан-жақты қол­дау мен құрметке ие болып, Қазақстанды ұлттық өр­кендету ісіне аса көрнекті үлес қостыңыз. Көптеген жылдар бойы Сіз қытай халқының үлкен досы бола отырып, Қытай-Қазақстан тату көршілік, достық пен ынтымақтастық қатынастарын дамытуға зор маңыз беріп, оны тікелей өзіңіз ынталандырып келесіз. Осы жағдайды пайдалана отырып, Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, береке және отбасылық бақыт тілегім келеді. *  *  * Николя САРКОЗИ, Француз Республикасының Президенті: – Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді тамаша туған күніңізбен, Сіздің жетпіс жылдығыңызбен құттықтау маған зор ғанибет. Сіздің дана басшылығыңызбен Қазақстан ТМД мен Орталық Азияның ең дамыған елдерінің біріне, халықаралық аренада құрметтелетін елге айналды. Он екі жылдығы осы күні атап өтілетін Астана да таңғажайып дамуға ие футуристік елорда болып отыр, бұған мен Сіздің шақыруыңыз бойынша өткен жылы 6 қазандағы сапарым кезінде өзім көз жеткіздім. Нақ сол кезде бізде Қазақстанның төрағалығымен ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы идеямыз пайда болған еді. Мен әу бастан қолдау білдірген бұл жоба Ұйымның барған сайын көп мүшелерінің қолдауына ие болып келе жатқанын атап айтқым келеді. Біз оны өткізудің және оның нақты мазмұнының жағдайларын бірлесе қарастыруға тиіспіз. Сіздің алдағы кездегі Парижге сапарыңыз біздің екі елдің арасындағы саяси, экономикалық және мә­де­ни әріптестікті бұрынғыдан да нығайта түсуге мүмкіндік береді. Президент мырза, қымбатты досым, Сізге деген айрықша құрметім мен менің достығыма деген сендіруімді қабыл алуыңызды өтінемін. *  *  * Ислам КАРИМОВ, Өзбекстан Республикасының Президенті: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің мерейтойыңызға байланысты ең жүрек­жар­ды құттықтауым мен ізгі тілектерімді қабыл алыңыз. Біз Сізді тәуелсіз әрі егемен Қазақстанның құрушысы, өз халқының танылған көшбасшысы деп білеміз. Қазақстан қоғамының сенімді әрі серпінді ілгерілеуі, елде халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған кең ауқымды реформалар мен жаңарулардың сәтті жүзеге асырылуы Сіздің есіміңізбен байланысты. Достас Қазақстанымыз Сіздің көреген жетек­шілігіңіздің арқасында қоғамдық-саяси құрылыс пен әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларында елеулі жетістіктерге қол жеткізді, сондай-ақ халықаралық аренада биік беделге ие болды. Біздің бауырлас халықтарымыздың арасындағы дос­тық және өзара түсіністіктің уақыт сынынан өткен дә­некерлерін бекіте түсуде, сондай-ақ Өзбекстан мен Қа­зақстанның жан-жақты әрі өзара тиімді ынты­мақ­тастығын дамытуда Сіздің орасан үлесіңізге баға жетпейді. Сіз және Сіздің отбасыңыз үшін осынау ай­рық­ша күнде, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге мық­ты денсаулық, бақыт және Сіздің Қазақ­станның бауырлас халқының өркендеуі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіңізде барша табысты тілеймін. *  *  * Хуан КАРЛОС, Испания Королі: – Президент мырза әрі қымбатты досым! Осынау тамаша мерекелі күні мен Сіздің мерейтойыңызды тойлауға қосылғым келеді және Сізге – өзіме тән жылылықпен, достықпен ең жүрек­жарды құттықтауымды, игілік пен жеке бақытыңызға деген ең жақсы тілектерімді жеткіземін. Біз бірлесе отырып халықтарымыз арасындағы онсыз да тамаша қатынастарды одан әрі жақсарта түсу жөніндегі жұмысымызды жалғастырамыз деген сенім білдіре отырып, осы сәтті пайдаланып, Президент мырза әрі қымбатты досым, Сізге ерекше құрметім мен ізетімді білдіремін. *  *  * Шимон ПЕРЕС, Израиль Президенті: – Құрметті Президент мырза! Израиль халқының және өзімнің атымнан Сіздің мерейтойыңызға орай ең шынайы құттықтауымды ерекше разылықпен жолдаймын, бұл мерейтой Сіздің отбасыңыздың ортасында, Қазақстан халқының, сондай-ақ жақын достарыңыздың арасында мере­ке­леуге себепкер болады деп сенемін. Сіз өзіңізді ұлы құ­рылысшы, туабітті көшбасшы және дана стратег ретінде таныттыңыз. Қазақстан мен Израиль арасындағы менің Қазақ­стан­ға 2009 жылдың маусымындағы сапарымнан бері жал­ғасып жатқан және біздің телефон арқылы сөйлесулерімізбен тиянақтала түскен үнқатысу мен ынтымақтастық біздің арамыздағы және біздің халықтарымыздың арасындағы қатынастарды нығайтуға өз үлесін қосуда. Президент мырза, мықты денсаулық, табыс тілеген ыстық ниетімді қабыл алыңыз және менің бөлекше құрметіме сендіруіме мархабат етіңіз. *  *  * Хайнц ФИШЕР, Австрияның Федералдық Президенті: – Жоғары Мәртебелім! Сіздің мерейтойыңызға орай мен Сізге жүректен шыққан құттықтауымды жеткізгім және Сізге осы мерекелі күнге байланысты мықты денсаулық, бақыт пен табыс тілегім келеді. Осы жағдайды пайдалана отырып, өткен жиырма шақ­ты жылдың ішінде Сіздің екі мемлекет арасын­да­ғы екіжақты қатынастарды дамыту мен нығайтуды дәй­ім белсенді жақтағаныңыз үшін Сізге алғыс айтуға рұқ­сат етіңіз. Сіз Австрия алдағы кезде де Қазақ­стан­мен қатынасты тереңдетуге және екі елдің мүдделері үшін ықпалдастықтың көп үміт күттірерлік екіжақты әлеуе­­тін пайдалануға үлкен көңіл бөледі деп сенуіңізге болады. Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйы­мының штаб-пәтері орналасқан ел ретінде Австрия Қазақстанның осы жылдағы әсерлі төрағалығын жоғары бағалайды. Мен Ұйымның 21-ші ғасырға лайық келетін қауіпсіздік қоғамдастығына айналуға мүмкіндік беретін ЕҚЫҰ Саммитінің биыл өткенін қалар едім. *  *  * Ильхам АЛИЕВ, Әзірбайжан Республикасының Президенті: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Аса көрнекті мемлекет қайраткері Сізді айтулы мерейтойыңызбен шынайы құттықтап, Сізге ең игі тілектерімді жеткіземін. Достас Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде Сіз өзіңізге жүктелген жауапты тарихи миссияны үл­кен сеніммен және шешімталдықпен жүзеге асыра оты­рып, өзіңіздің көреген және мақсатты саясаты­ңыз­бен елдің мемлекеттік тәуелсіздігі мен егемендігін сақ­тап қалдыңыз әрі нығайттыңыз, оны жан-жақты ре­фор­малаудың жолына түсірдіңіз. Тәуелсіз Қазақ­станның жетістіктері, оның әлеуметтік-экономикалық өрлеуі, елеулі халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы жемісті қызметі және күн өткен сайын әлемдік ауқымда артып бара жатқан абыройы ең алдымен Сіздің атыңызбен байланысты. Біздің мемлекетаралық қатынастарымызды қа­лып­тастыру мен дамытудағы, өзара іс-қимыл мен қолдауға негізделетін, біздің халықтарымыздың ерік-жігерін танытатын стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне қол жеткізудегі Сіздің еңбегіңіздің ұлылығын терең разылық сезіммен атап өткім келеді. Біз болашақта да өзара қатынастарымыздың жарқын дәстүрлерін мығымдату мен нығайту, іскерлік ынтымақтастықты екіжақты және көпжақты деңгейде тереңдету үшін бірлескен күш-жігерімізді табанды түрде жұмсай береміз деп сенемін. Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен біздің жеке қатынастарымызды жоғары баға­лаймын және Сізбен кездескен, әңгімелескен, пікір алысқан кездерімді ерекше әсермен еске аламын. Осынау тамаша күнде Сізге және Сіздің отба­сы­ңыз­ға мықты денсаулық, бақыт, сондай-ақ Қазақ­станның достас халқының игілігі жолындағы қыз­метіңізге табыс тілеймін. *  *  * Виктор ЯНУКОВИЧ, Украина Президенті: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырудағы табыстары, биік халықаралық беделі, Сіздің көпұлтты мемле­кетіңіздегі бейбіт өмір мен тұрақтылық Сізді жалпыхалықтық Лидер деңгейіне орынды көтерді. Бай экономикалық әлеует және әлемдік қоғам­дас­тықтағы белсенді ұстаным құрмет сезімін туғызады және Қазақстан Республикасымен өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету мен кеңейтуге ықыласты арттырады. Сіздің биылғы жылы Киевке жасайтын сапарыңыз Ук­раина-Қазақстан қатынастарының барлық сала­ларда одан әрі дамуына қуатты серпін береді деп сенемін. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге бақыт, мықты денсаулық, амандық-саулық және Сіздің бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіңізге тың табыстар тілеймін. *  *  * Александр ЛУКАШЕНКО, Беларусь Президенті: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің тамаша мерейтойыңызға орай жүректен шыққан құттықтауымды қабыл алыңыз. Қуатты да гүлденген Қазақстан орнатуға бағыт­талған Сіздің санқырлы қызметіңіз қандай биік құрметке де лайық. Қазақстанды Орталық Азиядағы басым стра­те­гиялық әріптес ретінде қарастыра отырып, Беларусь екі елдің қатынастарын жаңа мазмұнмен толықт­ы­руды, оларға серпінді сипат беруді жақтайды. Саяси үнқатысуды одан әрі нығайту, белсенді үкі­метаралық өзара іс-қимыл, өңіраралық бай­ланыс­тарды кеңейту біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың аса қуатты әлеуетін жан-жақты жүзеге асыруға септеседі деп сенемін. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге жан-жүрегім­нен мықты денсаулық, амандық-саулық және жоғары мемлекеттік қызметіңізде табыс тілеймін. *  *  * Гурбангулы БЕРДЫМУХАМЕДОВ, Түркіменстан Президенті: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің жетпіс жылдық мерейтойыңызға бай­ланысты менің шынайы құттықтауым мен Сізге және Сіздің отбасыңызға мықты денсаулық, бақыт және береке тілеген ең ізгі тілектерімді қабыл алыңыз. Сізге, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, әрдайым мықты денсаулықта және өмірлік қуатыңыз бен күш-жігеріңіз толымды күйде болуды, жеке басыңызға бақыт, сондай-ақ туысқан Қазақстан халқының игілігі жолындағы Сіздің барлық бастамаларыңыз бен ұмтылыстарыңызға жаңа табыстар тілеймін. *  *  * Вацлав КЛАУС, Чех Республикасының Президенті: – Құрметті Президент мырза! Сіздің мерейтойыңызға орай Сізге мықты ден­саулық, мол табыс және жеке өміріңізде тыныштық тілеуге рұқсат етіңіз. Чех Республикасы мен Қазақстан арасындағы дәс­түрлі жақсы қатынастар, географиялық алшақтыққа қарамастан, ойдағыдай дамып келеді, мен ол қаты­нас­тар біздің мемлекеттеріміздің барлық деңгейдегі және барлық салалардағы ынтымақтастығына негізделгеніне қуаныштымын. Құрметті Президент мырза, Сізге мерейтойыңызға байланысты бар жақсы тілегімді тағы да айтуға рұқсат етіңіз. *  *  * Уильям КЛИНТОН мен Джордж БУШ: – Құрметті Президент мырза! Сіздің мерейтойыңыздың 2010 жылғы 6 шілдеде аталып өтуіне байланысты біздің жүректен шыққан құттықтауымызды және ең игі тілектерімізді жеткіземіз. Тәуелсіз Қазақстанның лидері ретінде Сіз өз елі­ңіздің толыққанды демократияға және өркенді экономикаға ұласуының негізін қаладыңыз. Біз Құрама Штаттар мен Қазақстан Респуб­ли­ка­сының арасындағы Стратегиялық әріптестіктің одан әрі дамуын тағатсыздана күтеміз және Сізге, Қазақ­стан халқына одан әрі ілгерілеу мен оңды өзгерістер тілейміз. *  *  * Петр СТОЯНОВ, Болгария Республикасының экс-президенті: – Құрметті Президент мырза! Сіздің мерейтойыңызға байланысты өзімнің ең шынайы құттықтауым мен ең игі тілегімді қабыл алыңыз! Мен Сіздің өз мерейтойыңызды Сіздің еліңіздің дамуындағы айрықша маңызды кезеңде, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып қана қоймай, өз тәуелсіздігін нығайтуда, қоғамды, мемлекеттік аппаратты, эконо­ми­ка мен қаржыны жалпы қамтыған реформада тама­ша табыстарға жеткен кезеңде, Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға болған жылы атап отырғаныңызға өте қуаныштымын. Осының бәрі Сіздің қажырлы да көреген жетек­шілігіңізбен Қазақстан Республикасы өңірлік ауқымда ғана емес, әлемдік деңгейде де маңызды страте­гия­лық, экономикалық және сыртқы саяси әріптес ре­тінде орныққанының даусыз дәлелі болып табылады. Бүгінде Сіздің мемлекетіңіз өз тарихының атымен жаңа бетін жазып жатқаны күмәнсіз, бұл тарихты Сіздің жеке өзіңіз және Қазақстанның болашақ ұрпақтары орынды түрде мақтаныш ететін болады. Сіздің тамаша еліңіздің баяғы досы ретінде мен Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізетін, Сіз жаңа тәуелсіз мемлекеттің Тұңғыш Президенті болып сайланатын 1991 жылды есімде жақсы сақтағанмын. Біз Болгарияда Сіздің елдегі түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды және жеке меншік пен еркін бәсекелестікке негізделген еркін нарықтық экономиканы қалыптастырудағы алғашқы қадамдарды айрықша ықыласпен қадағалап отырдық. Біздің екеу­ара әңгімелеріміз бен Сізбен кездесулерімді разы­лық­пен еске аламын, оларда біз тәжірибе бөлісетінбіз, қи­ын­дықтарды еңсерудің жолдарын іздестіретінбіз, ортақ соқпақпен жүріп келе жатқан екі мемлекеттің күмән­сіз табыстарына қуанатынбыз. 1998-1999 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысының салдарлары артта қалды. “Қазақстан-2030” Стратегиясына негіз болып қаланған Сіздің сарабдал макроэкономикалық және әлеуметтік саясатыңыз дағдарысты еңсеруге мүмкіндік беріп қана қойған жоқ, сонымен бірге экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қолайлы инвес­тиция­лық ахуал жасауға, табысты әлеуметтік реформа жүргізуге, халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыруға және елдің халықаралық аренадағы беделін дәйім нығайтуға негіз қалады. Сіздің ерік-жігеріңіз және табанды шешімтал­ды­ғыңыз болмаса, Қазақстан Республикасының бүгінгі өрлеу дамуы, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі бейбіт өмір мен тыныштық та болмас еді деп сенемін. Сондықтан да маған Сізге бәрінен бұрын мықты денсаулық пен бақыт, мемлекетті басқаруда жаңа табыстар мен сәттіліктер, Сіздің халқыңызға одан әрі ілгерілеу мен өркендеу тілеуге рұқсат етіңіз! Туған күніңіз құтты болсын, құрметті Президент мырза! *  *  * Арнольд РЮЙТЕЛЬ, Эстонияның экс-президенті: – Жоғары Мәртебелім! Осы мүмкіндікті пайдаланып, Сізді мерейтойы­ңызбен шын жүректен құттықтауға және Сізге баянды бақыт пен мықты денсаулық тілеген ең шынайы тілектерімді жеткізуге рұқсат етіңіз! Жоғары Мәртебелім, Сіздің отбасыңызға, туған-туыс­қандарыңызға, сондай-ақ Қазақстан Респуб­ли­ка­сының халқына осынау мерекелі күнде өзімнің ең шы­найы құттықтауымды қабыл алыңыз. Менің қым­батты досым, Сізге және Сіздің еліңіздің халқына ауқым­ды өркендеу, халықаралық деңгейде танылған лидер және тамаша мемлекеттік қайраткер ретінде Сіз өзіңізге және Сіздің халқыңызға белгілеген барлық ма­ңызды мақсаттарыңыздың орындалуын тілегім келеді. Сіздің халықаралық қызметте соңғы жылдардағы табысыңызды атап айтуды өзіме бақыт көремін. Сіздің өмірдің барлық салаларында демократиялық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі ауқымды жұмысыңыз Қазақстанның алдыңғы қатарлы ұлтқа және бүкіл Еуразиялық өңірде ең осы заманғы қоғамға айналуына бағытталған. Менің Қазақстанға 2008 жылдың сәуір айында жасаған сапарым кезінде біздің жан толқытарлық кездесуімді ыстық ықыласпен еске аламын. Біздің әңгімеміз Сіздің мақсаткерлік қыз­метіңізді және Сіздің ілгерішіл және қуатты жетек­шілігіңізбен Қазақстанда болып жатқан маңызды оқиғалардағы ілгерілеушілікті көрсетіп берді. Менің қымбатты досым, Сізге өзіңіз Қазақстанға таяу бола­шақта межелеген маңызды стратегиялық шешімдерді жүзеге асыруда ұзақ жылдар бойына жететіндей мызғымас қуат тілеуге рұқсат етіңіз. *  *  * Гельмут КОЛЬ, ГФР экс-канцлері: – Аса құрметті Президент мырза! Сізді шын жүректен мерейтойыңызбен құттық­таймын. Сіздің жеке басыңызға бақыт, бәрінен бұрын денсаулық және Құдайдың қайырымдылығын, ал Сіздің еліңізге – бейбітшілік және тұрақтылық пен өркенділік жолында одан әрі табыстар тілеймін. Өз құттықтауымды бұдан бірер апта бұрын менің 80 жылдығыма байланысты Сіздің құттықтауыңызға деген шынайы алғысыммен байланыстырамын. Сіздің жылы сөздеріңіз үшін мен өте разымын. *  *  * Герхард ШРЕДЕР, ГФР экс-канцлері: – Аса құрметті Президент мырза! Сізді шын жүректен мерейтойыңызбен құттықтаймын. Құттықтауымды мен біздің бұрынғы жылдардағы тамаша ынтымақтастығымыз бен біздің елдеріміздің ара­сындағы қатынастарды тереңдетуге Сіз қосқан зор үлес­ке деген разылығыммен қуана-қуана байла­ныстырамын. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған сәттен бастап жаң­ғырту жолында елеулі прогреске қол жеткізді. Бү­гінде Қазақстан бүкіл әлем мойындаған, ашық та өр­кенді ел болып табылады. Бұл табыс Сіздің көре­ген­дігіңізсіз, табандылығыңыз бен саяси күш-жігеріңізсіз мүмкін болмас еді. Сізге барлық жақсы атаулыны, бақыт және денсаулық тілеймін. *  *  * Ганс-Дитрих ГЕНШЕР: – Аса құрметті Президент мырза! Мерейтойыңызға байланысты Сізге менің шына­йы құттықтауымды жолдаймын. Сізге елдің бола­ша­ғын лайықты қалыптастыруды жалғастыру үшін мықты денсаулық тілеймін. Президент мырза, Сіз өз еліңізге көрші елдермен үйлесімде тәуелсіздікке жол аштыңыз. Сіз бұл тәуелсіздікті ел азаматтарына жаңа, бақытты болашақ ашу үшін пайдаландыңыз. Бүгінгі осы заманғы Қа­зақстан Сіздің еңбегіңіздің нәтижесі болып табылады. Сіз мұны мақтан етуге толық құқылысыз. Бұл сондай-ақ тарихтағы Сіздің ізіңізді сипат­тай­ды. Тарихтағы Сіздің бейнеңіз қолыңызда бар атом қа­руынан бас тартып, бейбітшіліктің мемлекеттік қайрат­керіне айналғаныңызды еске салып тұрады. Бұл ұстаным өнеге болып табылады және үлгі алуға лайықты. Сондай-ақ Сіздің көптеген салаларда халықаралық ынтымақтастықтағы белсенділігіңіз өнеге болып табылады, мұның өзі ЕҚЫҰ төрағалығын 2010 жылы Қазақстанға беруден өз көрінісін тапты. Президент мырза, Сізбен жеке байланыстарымды бейбіт те әділ әлемдік тәртіптің игілігі жолындағы менің жұмысымның оң тәжірибесіне жатқызамын. *  *  * Франц ВРАНИЦКИЙ, Австрия Республикасының экс-канцлері: – Құрметті Президент мырза! Сіздің 70 жылдығыңызға байланысты Сізге деген ме­нің ең ыстық құттықтауымды білдіруге рұқсат еті­ңіз. Бұдан былайғы жерде де Сізге мықты денсаулық және сіздің ұлан-байтақ еліңізді басқарудағы айтулы табыстар серік болсын. Қазақстан Сіздің аса көрнекті туған датаңыздың жылында ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, танымал және жоғары құрметке ие болып, сол арқылы Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы рөлін нығайтып отырғаны жағдайдың қолайлы қалыптасуы. Сізді қайталап құттықтауға және Қа­зақстан мен Австрияның арасындағы секілді Қазақ­стан мен халықаралық қоғамдастықтың арасындағы да табысты ынтымақтастық тілеуге рұқсат етіңіз. *  *  * Отанымыздың елордасы – Астана күніне және Қа­зақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың мерейтойына орай Мемлекет бас­шы­сының атына Қазақстанның азаматтары мен ұйым­да­рынан көптеген құттықтау корреспонденциялар келіп түсуде. Хаттар мен жеделхаттардың авторлары – өңір­лердің, облыстық мемлекеттік мекемелер мен қоғам­дық ұйымдардың басшылары, соғыс және еңбек ардагерлері, шығармашылық интеллигенцияның, еңбек ұжымдарының өкілдері, әлеуметтік сала қызметкерлері, оқушы жастар. “Ардагерлер мемлекеттің моральдық және мате­риалдық қолдауын сезініп отыр. Ұлы Отан соғысына қатысушылар жәрдемақылар, тұрғын үй алды. Бұл үшін Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, зор рахмет. Шын жү­ректен Астана күнімен және Сіздің, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, туған күніңізбен құттықтаймыз. Барша қазақ­стан­дықтарға табысты даму, береке мен бақыт, ал Сіз­ге, Нұрсұлтан Әбішұлы, денсаулық, ұзақ ғұмыр, біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының игілігі мен өркендеуі жолында бұдан былай да та­быс­тар ті­лей­міз”, – деп жазады өз арнауында Өскемен қа­лалық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы И.Скворцов. Президенттің атына құттықтау арнау республи­калық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырбек Сү­лейменовтен келіп түсті. Президенттің атына Алматы облысының Ақсу ауданынан келген құттықтау жедел­хатқа Қызылағаш ауылының тұрғыны Мадиназир Рахметов, ауылдық Ақсақалдар кеңесінің жетекшісі Сайлау Алдабергенов, Ақсу ауданы Ардагерлер кеңесінің мүшесі Дмитрий Ярковский, көпбалалы ана Несіпжамал Алшынбаева және ауданның басқа да тұрғындары қол қойыпты. Мемлекет басшысының поштасында қазақ ПЕН-клубының мүшелері Әбдіжәміл Нұрпейісовтен, Ше­рияздан Елеукеновтен, Герольд Бельгерден, Анатолий Кимнен, Дулат Исабековтен, Смағұл Елубайдан, Бигелдин Ғабдуллиннен келген құттықтаулар бар. Мемлекет басшысын құттықтаушылар қатарында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мен жазушы Иван Щеголихин де бар. “Халықтар арасындағы достықты дамытып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, Сіз бүкіл көпұлтты халықты бір үлкен отбасына біріктірдіңіз”, – делінген Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифовтің жеделхатында. Шығыс Қазақстан облысынан облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, медициналық мекемелердің ұжымдары, өңірдің қатардағы тұрғын­дары ұжымдық жеделхат жолдапты. Қостанайдың тұрғыны Ораз Балқайұлы жыр-толғау түріндегі хат жіберіпті. Жеделхаттар авторларының арасында Орал және Гурьев діндарларының архиепископы Антоний және Орал епархиясының діндарлары бар. Астана күніне және Президенттің мерейтойына бай­ланысты құттықтаулар Шығыс Қазақстан облы­сының білім беру және балаларды қорғау жүйесінің тұтас топтарынан келіп түсті. “Сіздің көрегендігіңіз бен күшті саяси ерік-жі­ге­ріңіздің арқасында тұрғызылған Астана қазақ­стан­дықтар үшін елдің ілгері озуының бастапқы нүктесіне айналды. Экономикадағы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізудің, халықтың әл-ауқатын арттыру мен білім беруді дамытудың символына айналды”, – делінген КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бі­ті­баева, Қазақстан Республикасының құрметті мұға­лімі Людмила Литовченко, жетім балалар мен ата-анала­рының қарауынсыз қалған балалар үшін білім бе­руді ұйымдастыру жетекшілері республикалар кеңе­сінің төрайымы Майра Бисеқанова қол қойған құттықтауда. Өз құттықтауларын сондай-ақ Қостанай облысының педагогтары, Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданындағы аурухананың дәрігері Абдолла Оспанқұлов жолдапты. “Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз – біздің ақылман да әділ көшбасшымызсыз. Барлық аналардың атынан бізге деген сезімтал­ды­ғыңыз бен қамқорлығыңыз үшін Сізге алғыс айтамыз. Сіз көптеген бірегей осы заманғы ауруханалар, аналар мен балалардың үлкен де жарық орталығын, Астанада Балалардың нәрлендіру орталығын құрдыңыз. Бұл үшін Сізге зор рахмет, Сіздің үйіңізде әрдайым ізгілік пен келісім салтанат құрып, Сізге әркез сәттілік серік болсын”, – делінген көпбалалы ана Мәрзия Бейсенбекованың жеделхатында. Нұрсұлтан Назарбаевты көпбалалы ана Бақыт Сейілханова да құттықтапты. Президент поштасында қазақстандық жастардан келген жеделхаттар өте көп. “Біз өз Отанымыз – Қазақстанды сүйеміз. Біз оны мақтан етеміз – бұл армандар орындалатын, Сіз – біздің Президентіміз секілді еңбек етіп, халқына қызмет көрсетуге дайын әркімді бақыт күтетін ел. Сіз – жарқын да таңғажайып адамсыз. Осы за­манғы ең талантты мемлекеттік қайраткерлердің бірі болып табыласыз”, – деп жазады “Жас дәурен” қау­ым­дастығы мүшелерінің атынан Павлодар облы­сындағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілері Қанат және Талғат Қайдаровтар, Ислам Қазықов, Дамир Михайлов, Женя Бондаренко және Люба Кадык. Астана қаласы мектептерінің тәрбиеленушілері, Өс­кемен орта мектептерінің түлектері Нұрлан Қа­напин мен Надежда Мокринскаядан, Солтүстік Қа­зақстан университетінің студенті Елена Косенкодан, сондай-ақ “Болашақ” бағдарламасының тәрбие­ле­ну­шілері Ақерке Абылайханнан, Айман Дастаннан, Ай­ман Қашкейден, Әлібек Қуантыровтан, Ботагөз Қаз­бековадан, Дастан Аспаннан, Дина Ахметовадан, Ма­дияр Қожахметтен, Ерік Қарабаевтан және Кәмшат Нарботаевадан хаттар мен жеделхаттар келіп түсті. Бүкіл спорт қауымдастығының атынан Президент­ті қысқы Олимпиадалық ойындардың күміс медалисі Елена Хрусталева, ауыр атлетикадан әлем чемпион­дары Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло және Владимир Седов құттықтапты. Құттықтау авторларының арасында мүлдем жас қазақстандықтар да бар. “Мен, Өскемен қаласындағы мектепке дейінгі балалар үйінің тәрбиеленушісі Әйгерім Тұрғанбаева, ең шынайы қуаныш пен бақыт сезіміне бөленіп отырмын. Мен жуырда ғана “Қазақстанның кіш­кен­тай аруы-2010” атағын алдым. Сіздің мерейтой күні­ңіз­де ең ізгі тілектердің орындалуына деген өз сенімім­ді және балаларға деген қамқорлығыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Біздің еркін елімізде ғана балаларға барлық жолдар ашық, тек оқу және арман мен жарқын болашаққа деген сенім керек. Сізге бақыт, денсаулық, туған Қазақстанымыздың даңқы асуы мен өркендеуі жолында жаңа жетістіктерге жету үшін шығармашылық шабыт тілеймін”, – деп жазады “Қазақстанның кішкентай аруы-2010”. *  *  * Мемлекет басшысының атына құттықтаған хаттар мен жеделхаттар Қазақстанның азаматтары мен ұйымдарынан ғана емес, сонымен бірге шет елдерден де түсіп жатыр. Ресей Федерациясынан келіп түскен хат-хабарлар айрықша мол. Қазақстан Президентінің атына РФ Мемлекеттік Думасының төрағасы Борис Грызловтан құттықтау келіп түсті. “Сіздің ішкі саяси және халықаралық қызметтегі бай тәжірибеңіз, өз халқыңыздың тағдыры үшін тікелей жауапкершілікті сезінуіңіз болашақта да біздің елдеріміздің арасындағы қатынастар серпінді дами­тынына, ал Қазақстан халқы бұдан да зор биіктерге жететініне сенім ұялатады”, – делінген хатта. Әр кездері Қазақстанда жауапты партия, кеңес және шаруашылық қызметтерде еңбек еткен Ресей азаматтарынан ұжымдық хат келді. Олардың қата­рында Александр Коркин, Валентин Месяц, Дмитрий Язов, Олег Мирошхин, Николай Давыдов, Николай Морозов, барлығы 22 адам бар. Олар былай деп жазады: “Мәскеудің ардагер қазақстандықтары Сізді мерейтойыңызбен – 70-ші туған күніңізбен шын жүректен құттықтайды! Біз Сізді өзін тұтастай еліне, оның керемет халқының тағдырына арнаған көреген, ақылман саясатшы, сонымен қатар азаматтық қадірінің жоғары деңгейін сақтаған, үлкен жүректі және керемет тартымды адам ретінде білеміз. Сіз бүгінде осы заманғы әлемнің ең беделді саясатшыларының бірісіз. Сіздің мемлекет құрудағы аса бай практикаңыз, саяси және ұйымдық қызметтегі аса көрнекті тәжірибеңіз Сіз Қазақстан Республикасы үшін жасағанның бәрі тарихтың игілігіне, материалдық және рухани негізге айналатынына сендіреді”. Мемлекетаралық авиация комитетінің төрайымы Татьяна Адонина былай деп жазады: “Көптеген жылдар бойы Сіз Қазақстан Респуб­ли­касының барша таныған лидері ғана емес, сонымен бір­ге орынды түрде әлемдік саясаттың ең жарқын тұл­ға­сы да болып табыласыз, Сіздің пікіріңіз бен ұста­ны­мыңыз талай рет аса маңызды өңірлік және жаһан­дық проблемаларды шешуде айқындаушы болды”. Президент поштасында Ресей Федерациясы өңірлері басшыларынан да хаттар бар. Мәскеу облысының губернаторы Борис Громов былай деп жазады: “Ресей Федерациясымен достық байланыстарды нығайтуға бағытталған Сіздің тұрақты күш-жігеріңізді жоғары бағалаймыз, мұның өзі көп ретте біздің халықтарымыздың мүддесі үшін Мәскеу облысы мен туысқан Қазақстан арасындағы жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге жәрдемдеседі”. “Мемлекет алдындағы Сіздің сіңірген еңбегіңіздің бүкілхалықтық мойындалуының жарқын үлгісі Қазақстан Парламентінің Сізге жоғары мәртебе – Елбасы атағын беру туралы шешімі болды”, – делінген Омбы облысының губернаторы Леонид Полежаевтың құттықтауында. Нұрсұлтан Назарбаевты КСРО ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры Александр Викторенко да құттықтапты. “Мен осында, Жұлдызды қалашықта бір сәтке де қазақстандық болуымды тоқтатқан емеспін. Қазақтарда Отанның қасиетті түсінігі бар – ол қай жерде тусаң сонда болады, менің кіндік қаным Солтүстік Қазақстан облысының Ольгинка селосында тамған. Қазақстанның әр қадамын мұқият қадағалап отырамын. Менің Отанымның табыстарын мақтаныш етемін және қуанамын, Сізді мақтан тұтамын! Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, жеке ба­сыңызға бақыт және Қазақстанға өркенділік тілеймін. Парламенттің Елбасы мәртебесін заңдық тұрғыда бекіту туралы шешіміне шын жүректен қолдау білдіремін. Халықтың арасында – Сіз әлдеқашаннан біздің көшбасшымызсыз”, – делінген оның жеделхатында. Мемлекет басшысының атына Омбы облысынан екі хат келіп түсті. Омбы облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Г.Ахметов Омбы қаласы мен Омбы облысы мұсыл­мандар қауымдастығының барша өкілдері өздерінің тарихи отанының экономикалық, саяси және мәдени дамуын зор мүдделілікпен қадағалап отырғанын хабарлайды. Әлемдік қоғамдастықтағы өскелең беделін мақтан етеді. Омбы облысының заң шығарушы жиналысының депутаты, “Омскнефтехимпроект” ААҚ-тың бас ди­рек­торы Игорь Зуга Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­т­ың есімімен Қазақстан Республикасының ең жаңа тарихы ажырағысыз байланыста екенін жазады: “Республиканың мыңжылдықтар тоғысындағы экономикалық, әлеуметтік және мәдени әлеуетін сақтап, молықтыруға Сіз қосқан үлесті айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгінгі Қазақстан – серпінді дамып отыр­ған мемлекет, өзінің бай экономикалық және ада­ми әлеуетін өркенділікпен және жауаптылықпен іске асыруда, мұндағы болашаққа ұмтылушылық ата-бабалар дәстүріне адалдықпен, өшпейтін рухани құндылықтарды өркендетумен үйлесімді түрде байланысқан. Осының бәрі көп ретте Сіздің шынайы мемле­кет­тік қайраткерге тән тамаша қасиеттеріңіздің – Сіздің мақсаткерлігіңіздің, жауаптылығыңыздың, дана­лы­ғы­ңыз бен көрегендігіңіздің арқасында мүмкін болды”. Мемлекет басшысын әнші Диана Гурцкая да құттықтапты. “Ұлы қазақ халқы әлемдік тарихта Сіздің әкелік қамқорлығыңызбен болмаса, ешқашан осындайлық таңғажайып нәтижелерге қол жеткізбес еді. Ғасырлар даналығы, білім мен тәжірибе Сізге тәуелсіз де күшті Қазақстан құруға мүмкіндік берді, ол бүкілазиялық және еуропалық көршілеріңіздің таңданысын туғызуда”, – делінген әнші арнауында.