дзюдодан әлем чемпионы атанды
Атырау палуандарының арасында Ыстыбаевтардың абыройы аспандап тұр. Жақында Айболат Ыстыбай Босния және Герцеговина астанасы – Сараеводан алтын жүлдемен оралды.
Бір отбасында тәрбиеленген Нұрболат пен Қанат та, ағаларының ізімен спортқа аңсары ауған Айболат та самбо, дзюдо және қазақ күресімен айналысады. Ағайынды балуандардың жетістіктері де аз емес. Ол осында өткен кадеттер арасындағы дзюдодан әлем біріншілігінде қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Айболат әлемнің әр түкпірінен жиналған 500 спортшының арасынан оқ бойы озып, Қазақ елінің көкбайрағын биікте желбіретіп, Әнұранды шырқату үшін намысқа тырысты. Мақсаты –елдің абыройын аспандату. Сол мақсатына жету үшін барын салды. Жаттықтырушысы Мержан Есмағамбетовтің тәлімін ой елегінен өткізді. Қазақтың намысты, қайсар балуаны 50 кило салмақта алдымен АҚШ, Ресей, Кипр, Грузия балуандарын иппон ұпайымен жеңді.
Алтын медальға қол жеткізетін ақтық сында итальялық балуанмен сынға түсті. Шаршы алаңда жан берісіп, жан алысқан сында қазақ балуаны қарсыласының осал тұсын тауып, айқын басымдығын танытты. Осылайша, әлем чемпионы атанған 17 жасар Айболат Ыстыбайдың бұл жеңісі Сараево төрінде көкбайрағымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды шырқатты.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.