АСТАНА. 23 наурыз. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани өз елінде АҚШ-тың әскери күштерінің миссиясы жалғаса бергенін қалайтынын жеткізді. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Ауғанстан басшысы АҚШ әскерлерінің елде қала тұруын қолдайтындар көп екенін мәлімдеген.
АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында Ашраф Ғани: «Ауғанстан азаматтары өз қауіпсіздіктері мен келешектері үшін АҚШ әскерлерінің ел аумағында болуын қалайды», деді. Оның айтуынша, Кабул мен Вашингтон арасында ортақ мүдде пайда болған.
Қазіргі таңда АҚШ Ауғанстандағы әскерлерінің санын жыл соңына дейін кемітеміз деген жоспарларынан бас тартпақ. Соңғы деректерге қарағанда, келер жылы мұнда АҚШ-тың 9 800 әскери қызметкерлері болады. Бұған дейін Пентагон ауған жеріндегі өз сарбаздарының санын 5 500 адамға азайтамыз деген-ді. Ал 2016 жылы әскер түгел ел аумағынан әкетілуі тиіс болатын.
Жолдыбай Базар.
Дерек, сурет: РИА «Новости».