АСТАНА. 24 наурыз. «Экспресс-К» газетінің бас директоры Алексей Пан Үндістанның Гоа демалыс аймағында қаза тапты. Бұл туралы nur.kz хабарлады.
«Экспресс-К» басылымы бас директорының орынбасары Әділхан Нүсіпов қайғылы оқиға Үндістандағы Гоа курорттық аймағында орын алғанын жеткізді. Марқұмның жұбайы хабарлағандай, Алексей толқынның астында қалған жергілікті балаларды құтқармақ болыпты. Ол балаларды жағаға алып шығып үлгерген. Бірақ оқиғадан кейін қатты толқыған Алексейдің жүрегі кенеттен тоқтап қалған.
Марқұмның мүрдесі Үндістаннан Алматыға 25 наурызда жеткізіледі деп күтілуде.
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазір Үндістандағы Қазақстан Елшілігі қайтыс болған отандасымызды әкелу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеумен айналысуда.
Марқұммен қоштасу рәсімі Алматыда, шамамен 26-27 наурызда өтеді.
Алексей Пан ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмамдаған. «Огни Алатау» газетінің тілшісі қызметін атқарған, «Караван» газетіндегі жарнамалық қызметті, «Еуразиялық өнеркәсіп қауымдастығында» қоғаммен байланыс департаментін басқарған.
2008 жылы «Экспресс-К» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас директоры қызметіне тағайындалған.
Алексей Пан — Қазақстанның құрметті журналисі.
Жолдыбай Базар.
Дерек, сурет: nur.kz.