• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Наурыз, 2015

Президенттікке үміткерлердің саны күрт кеміді

274 рет
көрсетілді

АСТАНА. 24 наурыз. Орталық сайлау комиссиясы бірнеше үміткерді тіркеуден бас тартты. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады. Комиссияның 24 наурыздағы отырысында Якобжан Жүнісбековті, Қайрат Әлембайұлы Маишевті, Айгүл Дүйсенқызы Өтепова мен Амантай Хантемірұлы Асылбекті президенттікке кандидаттар ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулыларын қабылдады. Бұл шешім аталған кандидаттар лингвистикалық комиссияның отырыстарына келмегендіктен, олардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның кандидаттарға қойылатын талаптарының мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бөлігінде сәйкестігінің белгіленбеуіне байланысты туындады. Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы Қанат Сабырұлы Есжанов пен Біржан Жетіруұлы Ділмағамбетті бұлардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімінен өтуден бас тартуларына байланысты кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. Сонымен қатар Комиссия хатшысы Бақыт Мелдешов Мұхамедрахим Қадырбайұлы Құрсабаевтан, Мэлс Хамзаұлы Елеусізов пен Жақсыбай Әбішұлы Бәзілбаевтан өз кандидатураларын алып тастау туралы жазбаша өтініштерін қабылдап, арнайы шешім шығарды. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешев: «Үш үміткер Мұхамедрахим Қабырбайұлы Құрсабаев, Мэлс Хамзаұлы Елеусізов және Жақсыбай Әбішұлы Бәзілбаев Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беріп, өз кандидатураларын алып тастады. Сол себептен бізге хаттама ретінде шешім қабылдауымыз керек. Ол шешімде бұл үміткерлерді біз тіркеуден бас тартамыз», – деді. Жоғарыда айтылып өткен қаулылардың жобасын ОСК мүшелері бірауыздан мақұлдады. Жолдыбай Базар. Дерек, сурет: «Хабар» телеарнасы.