АСТАНА. 25 маусым. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Ұлттық бірыңғай тестілеуден 125 балл жинаған мектеп бітіруші түлекке 500 мың теңгелік сертификат табыс етті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Төле би ауданындағы мектептердің бірінен білім алған Лаура Әбдазимова облыс бойынша 125 балл алған жалғыз түлек. Ол ақшаны өзінің қосымша білім алуына жұмсайтынын айтты.
«Алтын белгі» табыстау салтанатты рәсіміне 608 оңтүстікқазақстандық түлек жиналды. Олардың барлығы үздік білімдерін растағандар, бастапқыда үміткерлер саны 1084 болған. Шарада аймақ басшысы Асқар Мырзахметов: «Сендер біздің болашағымызсыңдар. Біз дұрыс бағытты таңдадық. Барлығымыздың түпкі мақсатымыз - Қазақстанның келешегінің зор болуы. Баршаңа табыс, сәттілік, жарқын болашақ тілеймін», – деді.
Сондай-ақ, облыстық білім беру басқармасының басшысы оңтүстікқазақстандық үшін ҰБТ табысты өткенін мәлімдеді.
Аймақта орташа балл 78,9-ды құрады. Оның ішінде Кентау қаласының түлектері ерекше көрінді. Олардың орташа балы - 99,1. Екінші орында Созақ ауданының түлектері жақсы нәтижеге қол жеткізген. Түлектердің орташа балы – 86 болса, үшінші орында Түркістанның мектеп бітірушілері 85 балл жинаған. Шымкентте орташа балл 81,8-ді көрсетті. Ал ең төмен көрсеткіш (орташа балл - 70,4 және тиісінше 67,1) Сарыағаш, Сайрам аудандарында тіркелді.
Салтанатты рәсімде Мақтаарал ауданының Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының еңбегі атап өтілді. Олардың барлық 35 үміткері үздік білімдерін растады. Мектеп директоры мен бес әріптесі және үздік нәтиже көрсеткен түлектер облыс әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды.
Талғат Райымбек.
Дерек: «ҚазАқпарат».
Сурет: egemen.kz.