Дертке дауа табиғи түйе сүті кофе дайындауға қолданыла бастады. Маңғыстауда жаз айында ашылған «Бота» кофеханасына келушілер саны артып келеді. Өйткені ерекше және жаңа тәсілмен, табиғи таза сүтпен дайындалған кофенің дәмін татуға қызығатындар көп.
Кофехананың «Бота» аталуының өзінде мән бар. «Ботаның» өнімі – түйе сүтінен дайындалып, тары қосылған ерекше дәмді кофе. Кәсіпкер Әсем Мұхатбекованың айтуынша, жаңа өнімді әзірлеу барысында бірнеше нұсқа дайындалып, сынамадан өткен. Алғашында түйе сүтін қайнатып, кейін салқындатып дайындау тәсілдері қаралды. Нәтижесінде, сүтті салқындату арқылы жасалған әдіс ең тиімді деп шешіліпті.
«Кофехана былтыр 25 шілде күні ашылды. «Бота» ассоциациясы жылы, жағымды әрі ұлттық мәдениетімізге жақын болғандықтан, кофехананың тұжырымдамасына толық сәйкес келді. Осы атаудан кейін түйе сүтінен өнім жасау идеясы туындады. Түйе сүтін әртүрлі тәсілмен дайындап көріп, сынадық. Нәтижесінде, ерекше әрі үйлесімді дәм таптық. Кейін түйе сүтінен кофе дайындап, оған тары және шәрбат қосу арқылы жаңа дәм қалыптастырдық», деді Әсем Мұхатбекова.
Қазір мұнда ерекше кофенің дәмін татуға келушілер саны артып келеді. Олардың шамамен түгелге жуығы жаңа өнімге оң бағасын беріп, ризашылығын білдіреді екен. Себебі табиғи тағамды аңсайтындар, түйе сүтінің пайдалы қасиеттері, лактозаның жеңіл сіңуі және құрамы туралы білетіндер кофенің тұрақты тұтынушысына айналып үлгерген.
Маңғыстау облысы