• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2015

Бердібек Сапарбаев Калачи елді мекеніне барды (фото)

239 рет
көрсетілді

АСТАНА. 25 маусым. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Ақмола облысындағы «ұйқы ауруымен» жұртшылыққа кеңінен таныс Калачи ауылында болды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады. Сапар барысында вице-премьер Есіл ауданындағы Калачи елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде әлеуеті төмен, келешегі жоқ елді мекеннің халқын облыстың өзге өңірлеріне көшіру мәселесін талқылады. «Бүгін мен арнайы Елбасының тапсырмасымен халықтың жағдайын білуге Калачи ауылына келдім. Қазіргі таңда ғалымдар үшін Калачи халқын дүрліктіріп отырған дерттің нақты себебін ашып айту мүмкін емес. Сондықтан, мұнда Чехия елінен, Мәскеу және Орта Азиядан келген ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Жақында Елбасының төрағалығымен қауіпсіздік кеңесі өтіп, онда осы Калачидегі «ұйқы ауруы» сөз болды. Сондай-ақ, Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Қазіргі кезде халықты қауіпсіз жерлерге көшіру маңызды болып отыр», – деді Бердібек Сапарбаев. Халық арасында «Ұйқылы ауыл» атанып кеткен Калачи мен Красногорск елді мекендерінен барлығы 65 отбасы көшірілген екен. Олардың дені балалы отбасылар. Осы орайда, облыс әкімі ең алдымен балалар мен Красногорск тұрғындарына басымдық беріліп отырғандығын алға тартты. Сондай-ақ, ешкімнің де күштеп көшірілмейтінін ескертті. Өз сөзінде облыс әкімі Сергей Кулагин: «Қазіргі кезде басты міндетім мұндағы балалардың алаңдамай білім алып, жақсы өмір сүруіне жағдай жасау. Сондықтан бірінші кезекте балалы отбасыларды көшіреміз. Сондай-ақ, өзге де көшуге ниетті тұрғындар болса, оларға Есіл мен көрші Державинск қалаларынан пәтер беретін боламыз. Ал, көшпей осында қалғысы келетіндердің еркі біледі. Ешкімді де күштеп көшірмейміз. Тек мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар дегім келеді. Өйткені, Красногорскі мен Калачи ауылдарының келешегі жоқ», – деді. Өз кезегінде тұрғындар көшірілген кезде, жұмысқа орналасу және жаңа пәтерлерін жекешелендіру мәселесін айтып шағымданды. Осы орайда, вице-премьер көшірілген адамдардың барлығы жұмыспен қамтылатынын және олардың жағдайы одан әрі әкімдік бақылауында болатынын түсіндіріп берді. Тіпті, мұндағы жағдайдың тікелей Елбасының бақылауында екен атап өтті. Ал, жекешелендіру мәселесі заң аясында шешілетінін жеткізді. Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев Красногорск және Калачи тұрғындары үшін Есіл қаласында салынып жатқан 73 және 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Сондай-ақ, Есіл агротехникалық колледжінде болып, оқу зертханалары, шеберханаларымен танысып, студенттердің ғылыми-техникалық жобаларының көрмесін тамашалады. Талғат Райымбек. Дерек, сурет: «ҚазАқпарат».