ПЕТРОПАВЛ. 25 маусым. Петропавлдық спортшы Юрий Захаров кәрі құрлық төрінен мойнына алтын алқа тағып, Ел Әнұранын шырқатып қайтты. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары хабарлады.
Пауерлифтингтен додалы жарыс Латвияның астанасы Рига қаласында өтіп, 32 елден келген 500-ден астам спортшы жүлделерді сарапқа салды. Қазақстанның намысын 6 сайыпқыран қорғады.
Жерлестеріміз 6 алтын, 4 күміс, 2 қола медальді ұтып алды. 125 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Юрий үш қосындыда 815 кило биіктікті бағындырып, израильдік және ресейлік қарсыластарының алдын орап кетті. Зілтемірді тұрып 307 кило салмақты көтеру арқылы жеке рекордын, отырып 303 килоны көтеру арқылы әлемдік рекордты жаңартты.
Өмір Есқали.
Дерек: Солтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Сурет: egemen.kz