АСТАНА. 25 маусым. Пәкстанның оңтүстігінде аптап ыстықтан қаза болғандар саны мыңнан асты. Елдің Карачи қаласында өткен демалыс күндері ауа температурасы 45 градусқа дейін көтерілген. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Жергілікті метеор қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бейсенбі күні ауа температурасы 37 градусқа дейін төмендеген. Соңғы дерек бойынша Пәкстанның оңтүстік аймағында аптап ыстық құрбандарының саны мыңнан асқаны белгілі болды. Бұған дейін қаза болғандар саны 830 деп хабарланған болатын.
Jinnah Hospital ауруханасы таратқан ресми ақпаратқа сілтеме жасаған DPA ақпарат агенттігі: «Карачи қаласында 950-ден және басқа да елді мекендерде 50-ден астам адам ыстыққа шыдамай мерт болды», – деп хабарлады. Агенттік таратқан мәліметтер бойынша, 40 мыңнан астам адамға күн өтіп кетсе, 8 мыңнан астамы ауруханаға жатқызылған.
Дәрігерлер тұрғындарға күннің астында ұзақ жүрмеуге, сондай-ақ, жеңіл мақта киімін киюге кеңес беруде. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Пәкстан билігі аптап ыстықтан жапа шеккендерге көмек көрсету үшін 100 бекет ашқан.
Еламан Қоңыр.
Дерек: РИА «Новости».
Сурет: ntv.ru.