АҚШ-та Гарвард университеті мен Ақ үй арасындағы даулы мәселе қайта ушықты. Дональд Трамп университеттен 1 миллиард доллар көлемінде өтемақы талап етіп отыр, деп жазады Egemen.kz.
Дональд Трамптің бұл талабы New York Times газетінде жарияланған материалдан кейін белгілі болды. Онда Трамп әкімшілігі Гарвардтан бұрын талап етілген 200 млн долларды төлеу жөніндегі шарттан бас тартқан деген ақпарат тараған еді.
Еске салайық, Ақ үй басшысы Гарвард университетін антисемитизмге қарсы күресті жеткілікті деңгейде жүргізбеді деп айыптаған. Осыған байланысты университетке шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салынған, сондай-ақ екі миллиард доллардан астам мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылған.
Кейінірек Гарвард тарапы дауды келіссөз арқылы реттеуге дайын екенін білдіргенімен, тараптар ортақ мәмілеге келе алмады. Қазіргі таңда университет басшылығы Трамптың жаңа талабына қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
Бұл жағдай АҚШ-тағы жоғары білім беру жүйесі мен федералдық билік арасындағы қарым-қатынасқа қатысты пікірталасты одан әрі күшейтіп отыр.