АСТАНА. 26 наурыз. Қазақстан кәсіпкері Талғат Байтазиев Молдова металлургия зауытының бас директоры болып тағайындалды. Бұл туралы «Ақ Жайық» газеті хабарлады.
Молдова аумағындағы мойындалмаған Приднестровье республикасының президенті Евгений Шевчуктің сөзіне қарағанда, Молдова металлургия зауыты үстіміздегі жылдың ақпанында мемлекет меншігіне қайтарылған. Қазір зауыт 4 млн. долларға шығында тұр.
Евгений Шевчук: «Негізгі міндет – бірінші өндіріс шығынын азайту, екінші – пайдаға жұмыс істеу», деді.
Приднестровье басшысы ақпан айында зауытқа жаңа инвестор тартылатынын, ол зауытқа 40 млн. доллар қаржы құятынын мәлімдеген. Бірақ әлгі инвестордың кім екенін ашып айтпаған еді. Енді, міне, оның есімі белгілі болып отыр.
Кәсіпорынның инвесторы әрі бас директоры Талғат Байтазиев 49 жаста. Атырау мұнай және газ институтының түлегі. Ол 2004-2012 жылдар аралығында Атырау мұнай өңдеу зауытын басқарған. Ал 2012 жылдың желтоқсанында «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамымен еншілес Batumi Industrial Holdings Ltd компаниясының бас директоры болып тағайындалған.
Жолдыбай Базар.
Дерек, сурет: «Ақ Жайық» газеті.