Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Жеңістің 70 жылдығына байланысты тарихшы, журналист Жұмабай Доспановтың «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 10 томдық туындысының таныстырылымы өтті.
От кешкен жылдардағы өшпес ерлік жайындағы шежірені сөйлетуді мақсат тұтқан Жұмабай Доспановтың еңбегін ерлік деп бағалады жиналған жұртшылық. 4 жыл тынбай ізденіп, 10 томдықты дүниеге әкелген автор болса: «Бұл еңбекке екінші дүниежүзілік соғысқа (1939-1945) тікелей қатысқан 8400-ден астам қазақ офицерінің өмірдеректері енгізіліп, әскери шен-лауазымдары, мемлекеттік марапаттары көрсетіліп, кейбірінің майдандағы ерліктері қысқаша баяндалды. Алайда, бұл деректерді жинау оңайға түскен жоқ. Жұмысымның 90 пайызы Мәскеудегі Ресей Қорғаныс министрлігінің мұрағатында жүрді. Өкініштісі, Мәскеу мұрағатында офицерлердің фотосуреттері болмай шықты. Өзім газет редакторымын ғой, газетте мұндай бетті «соқыр бет» дейді. Кітапта да соқыр беттер көп, бірақ та, осы кітап шыққаннан бері менімен хабарласып, әкесінің, я атасының суреттерін жібереміз деп жатқандар баршылық, егер кітап қайта басылса, оның солай суреттермен толығатынына сенімім мол. Деректерді сұрыптауға күн демей, түн демей еңбек еттім. Жұмысыма толық қанағаттандым деп айта алмаймын, Жеңістің 70 жылдығына байланысты кішкене жеделдетуге тура келді», – деген тарихшы өзіміздің жергілікті әскери комиссариаттарға дерек жинастыруда селқостық танытқандарына өкпесін білдірді және қиындықтарға қарамастан, бұл еңбектің жалғасын жазып жатқандығын да жеткізді.
«Қазір мен 11-ші томды аяқтауға жақындадым. Оның аясында қазақ офицерлерінің саны 9 170-ке жетіп қалды. Ең басты, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ офицерлерінің үлесі елеулі. Осының өзі қазақ халқы үшін үлкен абырой», – деді ол.
Тарихи туындының авторы не себепті осы тақырыпқа келгенімен де ортақтасты. «2005 жылға дейін соғыс жайлы сөз қозғалса, 30-40 қазақ офицері қайталап айтыла берді, айтыла берді. Содан Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында бір әскери полковник тілшінің сауалына жауап беру кезінде екінші дүниежүзілік соғысқа 500-дей қазақ офицері қатысқандығын айтты. Сол кезде журналист: «Бұл көрсеткіш тым аз емес пе?» деген сауал қойғаны есімде. Атап айтқанда, сол уақытта полковниктің қолында нақты дәлелденген деректер болмағандықтан, ол осылай жауап беруге мәжбүр болды. Содан кейін 65 жылдықты күттім, жоқ, тағы да сол деректер, сөйтіп, 2011 жылы осы іске отырдым. Сондықтан бұл 10 томдықты менің тарапымнан Қазақстан халқы үшін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына сыйлық деп бағалаймын», – деді.
«Соғысқа 600 мың қазақ қатысса, дәл қазіргі күні 9215 офицер жайлы деректер таптым, – деп жалғады сөзін ол. – Бұдан бұрын біз екінші дүниежүзілік соғыста 20-ға жуық қана қазақ батальон командирі болған дейтінбіз. Ал мына деректерімде қазақтан шыққан 134 батальон командирі туралы мәлімет бар. Және бұрын 5-6 қазақ әскери ұшқышы туралы мағлұмат бар еді. Енді бүгінде олардың саны 64 екені анықталды. Осылардың арасында үшеуі екі жыл бойы Мәскеуді әуеде қорғапты. Кітапты оқыған адам басқа да тың деректерді көреді».
Шараны жүргізіп отырған ғалым Амангелді Қашқымбаевтың кітаптың адам өміріндегі құндылығына тоқтала келіп, интернетті пайдаланған дұрыс, бірақ ол мынадай кітаптың жүгін көтере алмайды. Сондықтан автор еңбегіне аса бір ризашылық сезімімді білдірсем, дегені көпшіліктің ойымен астасып жатты.
Қан майданның қырғыны көзімен көріп, соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан Қадан Бекеновтің бір сөзі жұртшылықты біраз серпілтіп тастаған. Қадан ата соғыс аяқталғанда Берлинде жолыққан 4 қазақ офицерінің бір қой сатып алып, ет асып, жолдастарын шақырып: «Қазақ етті қолмен жейді, дұрыстап қолдарыңды жуып келіңдер, бізде қайтыс болғандарды еске алып, ас беру дәстүрі бар», деп дастарқан жайғандарын айтқанда, жиналғандар: «Қазақ қай жерде де, тіпті, соғыста да қазақ», – деп рахаттана бір күліп алды. Дегендей, офицер де қай кезде де офицер болып қала бермек. Офицер Қадан қария қалтылдап мінберге көтерілемін дегенде, жоғары шенді офицер – генерал Бақытжан Ертаев қолтығынан демеп, сөйлейтін жерге алып барып, қайтадан алып келген.
Кітапты көпшілікке таныстыру рәсімінде оның лентасын қиюға екі генерал – Бақытжан Ертаев пен Абай Тасболатов және Қуаныш Сұлтанов шақырылды. Лентаны қиып болған соң Қуаныш Сұлтанов бұлақтың көзін ашқандай танылмай жатқан ерлікті паш еткен авторға ризашылығын айта келіп: «Соғыс уақытында ерлері қан кешіп жүргенде аналарымыз тынбай еңбектенді. Ол кезде қыздар ерте тұрмыс құрады, сол аналарымыз 24-25 жасында 2,3,4 кейде тіпті, 5 баланың анасы болған. 400 мыңға жуық ана осылай жесір қалып, кейін тұрмыс құрмай балаларын жеткізген. Бұл да үлкен ерлік», – деп болашақта тағы бір зерттеушіге азық болатын ойды айтып өтті.
Айта кетейік, бұл 10 томдықтың жарыққа шығуына бизнесмендер қаржылай көмектескен екен.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».