Үндістан үкіметі Қазақстан азаматтарына үнді елінде 30 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат берді. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мұндай шешім екіжақты байланыстарды нығайтуға, әсіресе елдер арасындағы туристік, медициналық бағыттарды дамытуға негізделген.
Сыртқы істер министрлігі мәлімдегендей, 30 күнге дейінгі тегін туристік және медициналық виза ресімдеу бірден күшіне енді. Ел азаматтары Үндістанға тегін визаны e-Visa онлайн жүйесі арқылы немесе Астана, Алматы және шетелдегі Үндістан дипломатиялық өкілдіктерінде рәсімдей алады. Осы орайда, СІМ визаға өтінішті мемлекеттік қызметтер арқылы ғана беруді еске салады.
Виза алуды жеңілдету екіжақты туристер ағынын арттырып, Үндістанды ел азаматтарына қолжетімді бағытқа айналдыруға мүмкіндік бермек. Ал Үндістан азаматтарына Қазақстанда визасыз 14 күнге дейін болуына рұқсат етілген.
Айта кетсек, Үндістанның Қазақстандағы елшісі Сайлас Тангал елімізге 2025 жылы Үндістаннан шамамен 250 мың турист келгенін мәлімдеді.
«Туризм, соның ішінде медициналық және сауықтыру туризмі ынтымақтастықтың болашағы зор бағытына айналады. 2025 жылы Қазақстанға келген үнді азаматтарының саны 250 мың адамға жетті», деді дипломат.
Еліміз кейінгі жылдары Үндістанның медициналық технологиялар, фармацевтикалық өндіріс, телемедицина мен дәстүрлі медицина саласындағы тәжірибесіне қызығушылық танытып келеді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үндістан елшісімен кездесуде үнді елімен фармацевтика саласындағы келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты. Үкімет таратқан мәліметке сәйкес қазір елімізде үнді компаниялары шығарған 965 дәрілік зат пен 248 медициналық бұйым тіркелген.
Жалпы, Үндістан Тәж-Махал сынды сәулет өнерінің жауһарымен әлемге танымал. Жылына ондаған миллион турист тамашалайтын таңғажайып мавзолейді осыдан төрт ғасыр бұрын 1631 жылы Моғол патшасы Шах Жахан жары Мумтаз Махалға арнап салдыртқан. Тәж-Махал Уттар-Прадеш штатының Агра қаласында орналасқан. Ақ мәрмәрдан салынған кесененің сырты мен іші жартылай асыл тастармен безендірілген. Кесененің екі жағында мешіт пен қонақүй орналасқан.
Тәж-Махалға барарда әуелі Делиге жетіп алу қажет. Бүгінде Үндістан мен Қазақстан арасында аптасына 15 тікелей рейс қатынайды. Дели мен Тәж-Махал орналасқан Агра қаласының арасы 239 шақырым.
Сондай-ақ Үндістандағы Жамму Кашмир штатының бас қаласы Сринагар қазақ пен үнді елін байланыстыратын алтын көпірге айналары сөзсіз. Әрине, бұған дейін де осы аймаққа еліміздің ірі тұлғалары жиі ат басын бұрған, енді Кашмир аймағына отандастарымыз еркін саяхаттай алады.
Сринагар қаласында әйгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы туралы аса құнды деректер жинақталған «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаһаннама» дастанының авторы Мұхаммед Хайдар Дулати жерленген. Мұхаммед Хайдар Дулати жазған деректердің арқасында Қазақ хандығының құрылу тарихын 1465 жылдан басталады деп есептейміз.
Ұлы моғолдар империясының сұлтандары жерленген «Мазар-и-Салатин» қорымында тарихи тұлғаның кесенесі 2018 жылы жаңартылған. БАҚ-та жарияланған ақпаратқа сәйкес зират басында урду және ағылшын тілінде жазылған тақтатас бар. Бұл ақпараттық тақта 2015 жылдың қыркүйек айында орнатылған.
«Биіктен төменге Сринагарға қарап тұрмыз. Кашмир жазығының ені 20, ал ұзындығы 200 шақырымдай деседі. Сринагардың биіктен де көркем көрінетінін байқадық. Осы жерде, әрине, Мұхаммед Хайдардың да ат басын тіреп, Кашмирдің сұлулығына, көркем табиғатына тәнті болғандығына күмән жоқ. Ұлы ғалым жерленген «Мазар-и-Салатин» – «Сұлтандар зираты» Гималайдан бастау алатын Желам өзенінің бұралаңдап ағатын тұсында. Ол жерге ескі шаһардағы бір көшені жарып өтіп жеттік. «Мазар-и Салатинді» 1997 жылы желтоқсанда осында арнайы келгенімде көргенмін. Мұхаммед Хайдардың зиратын осы қабірстанның солтүстік жағындағы биіктеу жерден тапқанмын», деп Кашмир сапарынан естелік қалдырған еді Әбсаттар қажы Дербісәлі «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Гималай асқан қазақтар» атты мақаласында. Айта кетсек, 1540–1551 жылдары Кашмир патшасы болған Мырза Хайдар Дулатидің зиратын Әбсаттар қажы Дербісәлі 1994 жылы Кашмирден іздеп тапқан.
Сондай-ақ Дінмұхамед Қонаев «Өтті дәурен осылай» деген кітабында 1955 жылдың 16 маусымында Үндістан Премьер-министрі Джавахарлал Неру қызы Индира Гандимен бірге Алматыға келген сапарынан естелік жазған еді. Автор құрметті меймандардың: «Мынау біздің Кашмир ғой?», деп таңғалғанын жазады.
Жалпы, Үндістан – көрікті жерлерімен ерекшеленетін, бай мәдени мұрасы бар елдердің бірі. Тарих пен мәдениет тоғысқан елде туристерге ат басын тірейтін орындар көп. Мәселен, «Қызғылт қала» атанған Джайпур штатының астанасы Раджастханда Хава-Махал (Жел сарайы), Амбер форт, Сити Палас, Джантар Мантар обсерваториясы секілді тарихи нысандар орналасқан. Сондай-ақ әлем елдерінің туристері Үндістанның ең көне және қасиетті қалаларының бірі Варнасиге (Уттар-Прадеш) көптеп ағылады. Бұл қала – Ганг өзенінің бойында орналасқан, үнділердің діни орталығы. Мұнда келген туристер Гангта таңертеңгі ғибадат рәсімдерін тамашалай алады.
Қазір елімізде үнді мәдениеті йога, үнді киносы, классикалық би мен музыка арқылы кеңінен танымал болса, Үндістанда қазақ елі мәдени фестивальдар мен концерттер арқылы таныстырылып келеді.
Туристік агенттіктердің мәліметіне сүйенсек, қазір Үндістанның Уттаракханд штатындағы Ришикеш пен Харидвар қалаларына туристердің қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Ришикеш Гималай тауларында орналасқан, йога мен медитация орталығы ретінде танымал қала болса, Харидвар – үнді дінін насихаттайтын қасиетті қалалардың бірі. Бұл екі қала да Ганг өзенінің бойында орналасқан.
Еліміздің азаматтарына арналған 30 күндік визасыз режім туризм, мәдениет, денсаулық сақтау салаларын одан әрі дамытуға серпін болмақ.