АҚТӨБЕ. 26 наурыз. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бекітілген кестесіне сәйкес және Наурыз мейрамы қарсаңында көшелер мен қоғамдық жерлердегі тәртіпті сақтау мақсатында 17-19 наурыз аралығында облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Облыс бойынша қоғамдық тәртіпті қорғауға 1 000-нан астам қызметкер, ішкі әскер бөлімшелері, мұғалімдер және заң институтының тыңдаушылары, құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдардың мүшелері, сондай-ақ, 170 бірлік автокөлік тартылды. Жедел-профилактикалық іс-шараның үшінші күні облыс бойынша 63 қылмыс тіркелді. Полицияның кешенді күшімен 28 қылмыстың «ізі суымай» ашылды. «Нөлдік төзімділік» тәртібімен 3 000 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде ұсақ құқық бұзушылықтың 180, ішімдік ішу және қоғамдық жерлерде мас күйінде жүрудің 285, кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз жүруінің 51 дерегі тіркелді. Сондай-ақ, ҚР келу ережесін бұзған 104 адам және жол қозғалысы ережесін бұзған 2 167 жүргізуші анықталды. Оның ішінде көлікті мас күйінде жүргізген 49 жүргізуші тіркелді.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: life24.kz.