• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2015

Қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қаралған халықаралық басқосу

385 рет
көрсетілді

24-25 маусым күндері Ресей Федерациясындағы Бурятия автономиясының астанасы – Улан-Удэ қаласында қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын жоғары өкілдердің VІ халықаралық кездесуі болып өтті. Шараға еліміз тарапынан Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков қатысты. Аталған ауқымды халықаралық басқосуға Ресей тарапы 70-тен астам елден қауіпсіздік кеңестерінің, құқық қорғау және арнайы органдардың басшыларын, сондай-ақ, БҰҰ құрылымдарын қоса алғанда, түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдерін шақырды. Сонымен бірге, Азия, Еуропа және Оңтүстік Америка елдерімен қатар, ҰҚШҰ-ға, ШЫҰ-ға және ТМД-ға мүше мемлекеттерден айтарлықтай кең көлемде өкілдер келді. Кездесудің басты мақсаты жаһандық экстремизмге қарсы іс-қимыл таныту саласындағы көпқырлы ынтымақтастық мәселелерін талқылау болды. Өзінің сөзінде Н.Ермекбаев өңірлік қауіпсіздікке төніп отырған қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге баға беріп, терроризммен және экстремизммен күрес бойынша Қазақстанның тиісті органдары тарапынан қабылданып жатқан шараларға назар аударды. Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы  күрделі ахуал Еуропаның, Азия мен Африканың көптеген елдері аумақтарына радикалды діни идеологияның таралуына ықпал етіп отырғаны ерекше атап көрсетілді. Осыған байланысты терроризм мен экстремизм көріністерінің алдын алу тетіктерін түзу, оларды қаржыландыру арналарының жолын кесу және экстремистік идеялар мен көзқарастардан мәдени-ақпараттық кеңістікті қорғау мәселелері өзекті бола түседі. Деструктивті сипаттағы контенттен киберкеңістікті қорғау бөлігінде ұжымдық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне екпін түсірілді. Кездесулер шеңберінде, сондай-ақ, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, шараға қатысушылар тарапынан ауыз су тапшылығы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оның ішінде, қауіп-қатерлі жұқпалы аурулардың таралуына қарсы тұру жолымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты өзекті проблемаларды халықаралық қоғамдастықтың қазіргіден де гөрі белсендірек шешуге ұмтылулары  қажеттігі атап өтілді. Шара алаңдарында Н.Ермекбаевтың шетелдік әріптестерімен екіжақты кездесулері өтіп, олардың барысында қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылдың көкейкесті мәселелері талқыланды. «Егемен-ақпарат».