• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2015

Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үнқатысу жалғасуда

239 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев НАТО Парламенттік Ассамблеясы Қауіпсіздіктің азаматтық өлшемі жөніндегі комитетінің төрағасы Виталино Канаш бастаған делегациясымен кездесті. НАТО ПА делегациясының құрамында Португалия, Франция, Польша, Ұлыбритания, Грекия, Италия және Латвия депутаттары бар, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.  Кездесуді ашқан Қ.Тоқаев Қазақстан аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында НАТО-мен ынтымақтастыққа зор мән береді, деп атап өтті. Төраға Қазақстан Парламенті НАТО Парламенттік Ассамблея қызметіне байқаушы ретінде қатысатынын және оның жыл сайынғы сессиясына тұрақты түрде қатысып келе жатқанына тоқталды. Ол, сондай-ақ 2009 жылы Астанада НАТО ПА-мен бірлесе отырып, Еуроатлантикалық қауіпсіздік, оған қоса Ауғанстан және Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Роуз-Рот семинары табысты өткенін еске салды. Қ.Тоқаев Президент Н.На­зар­баевтың елімізді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған бес инс­титуттық реформасы, сондай-ақ, қазақстандық парламентаризмнің дамуы мен Сенат қызметі туралы айтты. Өз кезегінде В.Канаш Қа­зақстан НАТО ПА-ның Орта­лық Азиядағы ең жақын әріптесі еке­нін, сондықтан ұйым қазақстандық парламентшілермен байланысты одан әрі нығайтуға ниеттеніп отыр­ғанын атап өтті. Француз сенаторы Жоэль Гаррио-Мейлам Франция Сенаты Төрағасының сәлемін жеткізіп, бейбітшілікті нығайту жо­лында парламентаралық үнқа­тысу мен парламенттік дипло­матияның маңызы туралы пікір білдірді. Ол аумақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады. Францияның тағы бір депутаты Жан-Мишель Вийом Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретіндегі және Украинадағы шиеленіскен жағдайды реттеудегі Қазақстанның рөлін ерекше бөліп айтты. Кездесу барысында Еуро­па­дағы босқындар, терроризммен  және экстремизммен күрес, халық­аралық парламенттік ұйымдар мәселелері бойынша пікір алмасылды.