Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев елдің негізгі заңы қоғам дамуының жаңа кезеңіне сай жаңғыртылуы тиіс екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қолданыстағы Конституцияның тарихи маңызын жоққа шығару мүмкін емес, өйткені соңғы 30 жылдағы барлық жетістіктің бастауы осы құжатпен тығыз байланысты, деп жазады Egemen.kz.
«Әрине, қазіргі Конституциямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығармайды. Соңғы 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы», деді Президент.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы Конституция ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңде қабылданғанын еске салды. Сол уақыттың сын-қатерлері мен ауыртпалығы негізгі заң мәтінінде өз ізін қалдырғаны заңды құбылыс екенін айтты.
«Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент: Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді
Президенттің сөзінше, содан бері Қазақстан түбегейлі өзгерді. Халықаралық аренада беделі жоғары, саяси және экономикалық тұрғыдан орныққан мемлекетке айналды. Ал әлемдік деңгейде геосаяси, геоэкономикалық және технологиялық үдерістердің күрт өзгеруі елдің ішкі дамуына да тікелей әсер етті.
«Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткерді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті, зор сілкініс әкелді десек, қате болмас», деді Мемлекет басшысы.
«Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт»: Президент еліміз үшін маңызды қағидатты атады
Осыған байланысты Президент елдің мақсат-міндеттері мен құндылықтарын, даму қағидаттарын заман талабына сай қайта қарау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, бұл үдеріс конституциялық деңгейде жүзеге асуы тиіс және елдің болашақ даму бағдарын айқындайды.
«Сондықтан еліміздің мақсат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай, конституциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.