ШЫМКЕНТ. 26 наурыз. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекеніндегі жиырма шақты отбасы далада қалуы мүмкін. Себебі, осыдан үш жыл бұрын оларға мемлекеттік актімен берілген жер телімдері заңсыз деп танылып отыр. Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.
Мүліктерінің заңдылығын растайтын құжаттарға сүйенген тұрғындар ол жерлерге баспаналарын салып, қоныстананып алған. Соған қарамастан сот шешімін негізге алған құзырлы орган өкілдері халықтан жерді босатуын талап етуде. Үй-жайларын сайлап алған халық бүгінде қайда барып мұң шағарын білмей дал болуда. «Ең болмаса құрылысты бастамай жатып ескертпей ме?», – дейді олардың бірі.
Мұндағы электр бағаналарын тұрғындар өз қаражатымен тұрғызған. Олардың өтінішімен газ жүйелері қаралып, су құбырлары да жүргізіліп қойған. Халық тұрғын үй үшін белгіленген салықты да төлеп келдік дейді. Тұрғындардың арасында несие алып, үй салғандары да бар.
Өткен жылдың маусым айында прокуратура тексерулерінің қорытындысы бойынша 23 жер телімі заңсыз деп танылған. Кезінде өндірістік кооперативке тиесілі суармалы 3 гектарға жуық жер меншік иесінің қайтыс болуына байланысты мемлекетке қайтарылған. Сөйтіп 2011 жылы Қарабұлақ ауылдық әкімдігінің лауазымды тұлғалалары марқұм болған меншік иесінің мұрагерлерімен келісіп, жерді кезектегі тұрғындарға заңсыз үлестіріп берген. Қазір заңды белден басқан тұлғалар жауапкершілікке тартылған. Үлестірілген жер телімдерінің тең жартысына бүгінде баспана салынған. Енді тұрғындарға материалдық шығындардың да төлененер-төленбесі екіталай.
Бақтияр Тайжан.
Дерек, сурет: otyrar.kz.