Спортты дамыту енді медаль саны немесе инфрақұрылыммен өлшенбейді. Қазіргі спорт – басқару мәдениеті, көшбасшылық және ұлттық деңгейдегі күрделі экожүйені тиімді ұйымдастыру қабілетін де қамтиды. Дәл осы сұранысқа жауап ретінде Қазақ ұлттық спорт университеті мен Франциядағы klore-ED School of Management бірлесіп әзірлеген қос дипломды «Executive MBA in Sport Management» бағдарламасы іске қосылды.
Аталған бағдарлама еліміздің спорт саласында ұзақ жылдар бойы жинақталған құрылымдық мәселені – халықаралық, олимпиадалық және коммерциялық деңгейде жұмыс істей алатын кәсіби басқарушы кадрлардың тапшылығын шешуге бағытталған. Стратегиялық жоспарлау, қаржылық басқару, цифрлық трансформация, халықаралық қатынастар, демеушілік жүйелерді дамыту және этикалық көшбасшылық – жүйелі білім беру арқылы қалыптасатын дағдылар. Осы тұрғыдан алғанда, «EMBA in Sport Management» бағдарламасының еліміз үшін маңызы бірнеше стратегиялық факторлармен айқындалады. Аталған бағдарламаның «Executive MBA» форматы – жобаның басты артықшылығы. Ол спорт федерацияларының басшыларына, клуб менеджерлеріне, саясаткерлерге және кәсіби спорттан басқару саласына өткен бұрынғы спортшыларға арналған. Нәтижесінде, алынған білім қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты институционалдық өзгерістерге ұласады.
«Оқу бағдарламасы екі оқу орны тарапынан бірлесіп әзірленген: курстың 50 пайызы Қазақ ұлттық спорт университетінде, ал 50 пайызы Франциядағы Éklore-ED School of Management базасында онлайн және офлайн форматта оқытылады. Бағдарлама аясында түлектер Францияда 10 күндік тағылымдамадан өтеді. Бұл тәжірибе компанияларға бару, шеберлік сабақтары және Париж қаласында өтетін салтанатты диплом табыстау рәсімін қамтиды», дейді Франциядағы Éklore университетінің халықаралық серіктес өкілі Улисс Уврьё. Оның айтуынша, түлектер мемлекеттік білім беру басымдықтарына сәйкес ұлттық диплом және Éklore-ED School of Management тарапынан берілетін халықаралық деңгейде танылған диплом алады. Бұл жоба отандық спорт менеджерлерінің халықаралық басқару стандарттарына сай даярлануын қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің спорт жүйесіне деген сыртқы сенімді де арттырады.