Қоғам бұл дерттің атын атауға сескеніп, халық арасында «аты жаман ауру» деп атап кетті. Тіпті кейбіреулер мұны «ажалға шақыру билеті» деп қабылдайды. Онколог мамандар қатерлі дертті жеңуге болатынын айтса да, статистика әлі де көңіл көншітпей тұр, деп жазады Egemen.kz.
2025 жылы Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 61 жағдайға дейін төмендеді. Бір жыл ішінде 42 мыңнан астам жаңа обыр оқиғасы тіркеліп, бүгінде 246 мыңға жуық науқас диспансерлік есепте тұр. Бұл ретте пациенттердің бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 63%-ға дейін өсті.
Қазақстанда обырды барлық төрт кезеңде де кешенді тәсілдерді пайдалана отырып емдейді: хирургия, сәулелік терапия (оның ішінде томотерапия) және дәрілік терапия (химио-, таргеттік және иммунотерапия).
І-ІІ сатыларда – ісікті радикалды түрде жоюға; ІІІ-ІV сатыларда – ісік өсуін тежеуге, симптомдарды жеңілдетуге және өмірді ұзартуға баса назар аударылады.Қазақстандағы емдеудің негізгі аспектілері:
I-II сатылар (ерте): Толық емделу ықтималдығы өте жоғары. ІІІ кезең: Лимфа түйіндеріндегі және тіндердегі обыр жасушаларын жоюға бағытталған аралас емдеуді (операция + сәулелік/химиотерапия) талап етеді. IV кезең (метастатикалық): Негізгі мақсат – паллиативтік көмек көрсету, жай-күйді жеңілдету және метастаздарды бақылау үшін химиотерапия/таргеттік терапия қолдану. Обырдың көптеген түрлері табысты емделіп жатқанымен, ерте кезеңде анықталса, нәтиже едәуір жоғары болады.Барлық елдерде емдеу хаттамалары бірдей. Басты айырмашылығы – Қазақстанда тегін, ал шет елдерде мыңдаған доллар тұрады. Сондықтан өз елімізде де сапалы ем алуға болады, тек ауруды асқындырып алмау маңызды.
Егер ауру алғашқы 1-2 сатыда анықталса, 30 жыл өмір сүруге кепілдік бар деуге болады. Кейінгі екі деңгейде де емді дұрыс жүргізсе, науқастың жазылып шығу жолында жігері, сенімі, айналасына деген мейірімі мен кешірімі болса өмірі біршама ұзарады. Дәрігер нұсқаулығын мүлтіксіз орындап, психосоматикамен күн сайын жұмыс істеуге ерінбеу керек. Ал Қазақстанның онкологтары – өз ісінің нағыз мықты мамандары. Әрине, ажалы жетіп, дерт әбден асқынып кеткен жағдайда медицинаның да дәрмені шектеулі. Бұл да бір сәттілік пен тағдырдың сынағы іспетті.
Онколог-дәрігер Алма Жылқыайдарованың айтуынша, дүниежүзі бойынша ауруларды диагностикалау мен емдеу хаттамалары бірегей. Бірақ кейбір науқастар отандық медицинаға сенбей, шетел асады. Дегенмен, емін шет елде бастаған науқастардың басым бөлігі кейін бәрібір Қазақстанға келіп жалғастырады.
Статистикалық мәліметтер және өңірлік карта:2026 жылға арналған обырмен сырқаттанудың нақты карталары әзірге жасалған жоқ. Қазақстан ТМД елдері арасында бастапқы сырқаттанушылық деңгейі бойынша жоғары позицияда тұр: 100 мың адамға 204,8 көрсеткішімен 5-орында. Бұл ТМД бойынша орташа деңгейден (103,3) екі есе жоғары. Тізімнің алдында Беларусь (646,9), Ресей (466,2) және Молдова (328,7) тұр. Орталық Азия елдері арасында Қазақстан абсолютті «антилидер»: көрсеткіштер көршілерге қарағанда 2-6 есе жоғары. Салыстыру үшін: Қырғызстанда – 86, Өзбекстан мен Түрікменстанда – 74,1, ал Тәжікстанда 100 мың адамға шаққанда небәрі 32,1 жағдай тіркелген.
Елімізде онкологиялық өлім-жітімнің артуына ерекше назар аударылады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 65,1-ден 68-ге дейін ұлғайды. Өсім 20 өңірдің 13-інде байқалды. Өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан (117,7) және Абай (117,2) облыстарында тіркелген. Қызығы, Абай облысында онкологтармен қамтамасыз етілу деңгейі (10 мың адамға 1 маман) ұлттық көрсеткіштен (0,6) жоғары. Алайда онкологиялық төсек-орын саны бойынша жағдай мәз емес: ШҚО-да бұл көрсеткіш 10 мың адамға 1,2 болса, ел бойынша орташа деңгей – 1,5.
Бүгінгі таңда республика бойынша 246 178 онкологиялық науқас динамикалық бақылауда тұр. 2024 жылмен салыстырғанда өсім 6,6%-ды құрады. Бірінші рет анықталған жағдайлардың 51%-ы – еңбекке қабілетті жастағы адамдар (43 мыңнан астам адам).
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасының орынбасары Айша Молдашеваның айтуынша, сүт безі обыры, колоректальды обыр, өкпе обыры, асқазан обыры және жатыр мойны обыры бұрынғысынша алдыңғы орында. Өлім-жітім құрылымында өкпе обыры алдыңғы орында.
Айта кетерлігі, қалаларда ауру көрсеткіші өсіп, ауылдық жерлерде азайып отыр. Ең жоғары көрсеткіштер Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстары сияқты өнеркәсіптік-экологиялық аймақтарда тіркеледі. Қалаларда сырқаттанушылық 100 000 тұрғынға 239 жағдайдан келсе, ауылда бұл көрсеткіш – 147. Бұл сандар өмір сүру салты, экология және диагностиканың қолжетімділігін көрсетеді. Диагноздар санының артуы тек жағдайдың нашарлауы емес, скринингтің кеңеюі мен ауруды ерте тіркеудің нәтижесі болуы да мүмкін.
2025 жылдың алғашқы алты айындағы негізгі дерт түрлері:
Сүт безі қатерлі ісігі; Колоректальды қатерлі ісік; Өкпе қатерлі ісігі; Асқазан қатерлі ісігі; Жатыр мойны қатерлі ісігі.Емдеу көрсеткіштері жоғары обыр түрлері (әсіресе ерте кезеңде):
Қалқанша безінің қатерлі ісігі; Сүт безі обыры; Простата безінің обыры; Қалың ішек обыры; Тері обыры (базалиома және жазық жасушалы обыр); Ходжкин лимфомасы.Сүт безі обыры Қазақстанда ең көп таралған түрі болып қала береді. Оның басты себептері ретінде семіздік, гиподинамия, алкоголь және гормоналды факторлар аталады. Маммография 40 жастан бастап екі жылда бір рет өту ұсынылады.
Қалың ішек обыры (колоректальды обыр) соңғы жылдары ерлер мен әйелдерде бірдей жиілікте тіркеліп отыр.
«20 миллион халқы бар Қазақстанда колоректальды обырмен ауыратын 18 500-ді қоса алғанда, 200 000-нан астам науқас бар. Жыл сайын шамамен 40 000 қатерлі ісік ауруы анықталып, олардың саны артып келеді. Жыл сайын 50 000-ға жуық пациент ісікке қарсы терапия алады, ол мемлекеттік қаржыландыру есебінен тегін ұсынылады. Үкімет 2000 жылы обырды емдеу бағдарламасын іске қосты және оның бюджеті 2002 жылы 5 миллион доллардан 2024 жылы 200 миллион долларға дейін өсті», дейді Қазақ онкология және радиология институтының бөлім меңгерушісі Абай Жұманов.
Қарағанды және Шығыс Қазақстан сияқты өнеркәсiптiк ластану деңгейi жоғары облыстарда обырға шалдығу көрсеткiштерi орташадан едәуiр жоғары. Бұл экология мен қоршаған орта жағдайлары онкологиялық аурулар қаупіне әсер етеді деген болжамды нығайтады. Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесінің жұмысында оң өзгерістер байқалады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, онкологияның жаңа жағдайларының үштен бірінен астамы тегін скринингтер мен профилактикалық бағдарламалардың арқасында ерте, жеңіл емделетін кезеңдерде анықталады. Сырқаттанушылықтың өсуіне қарамастан, Қазақстанда обырдан болатын өлім-жітім төмендеу үрдісін көрсетіп отыр. Түрлі дереккөздер, соның ішінде биліктің ресми мәлімдемелері онкологиямен күрес жөніндегі кешенді бағдарламалардың арқасында соңғы жылдары өлім-жітім мәліметінше, онкологияның жаңа жағдайларының үштен бірінен астамы тегін скринингтер мен профилактикалық бағдарламалардың арқасында ерте, жеңіл емделетін кезеңдерде анықталады. Сырқаттанушылықтың өсуіне қарамастан, Қазақстанда обырдан болатын өлім-жітім төмендеу үрдісін көрсетіп отыр. Түрлі дереккөздер, соның ішінде биліктің ресми мәлімдемелері онкологиямен күрес жөніндегі кешенді бағдарламалардың арқасында соңғы жылдары өлім-жітім көрсеткіші төмендегенін айтады.