Милан қаласында XXV қысқы Олимпиаданың шорт-тректен ерлер арасындағы 500 метрге іріктеу жарысы өтті. Бұл сында Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша бәсекеге түсті, деп жазады Egemen.kz.
Әлем кубогі кезеңінің және Азия ойындарының чемпионы Абзал Әжіғалиев өз тобында бірінші болып, мәреге жетті. Осылайша ол ширек финалға тікелей жолдама алды.
«Сан-Сиро» стадионындағы салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің Мемлекеттік туын ұстап шыққан Денис Никиша 3-ші топта сынға түсіп, мәреге үшінші жетті (40.818 секунд). Әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Денис Никиша уақыт көрсеткіші бойынша ширек финалға шықты.
Қысқы Олимпиада: Сарапшы кімдерді жүлдеге лайық деп санайды?
Енді ширек финал мен финалдық жарыс 18-ші ақпаннан 19-ына ауған түні өтеді.
Сондай-ақ бүгін 23:00-де шаңғымен тұғырдан секіруден ерлер арасындағы командалық сайыс өтеді. Аталған жарыста Илья Мизерных пен Данил Васильев ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, төртжылдықтың басты додасында мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алтын медель иеленіп, Қазақстан әзірге жалпы есепте 17-ші орында тұр.