Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде ұйымдастырылған «Сағаттар сыры» көрмесі көрерменге жол тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көрме музей қорында сақталған сағаттардан құралған. Әр жылдары музей қорына қала тұрғындары қалта, қол, қабырға және алқа сағаттарын сыйға тартып келген.
Көрмеге музейдің коллекциялық қорында сақталған 1940–1950 жылдардан бастау алатын 74 сағат түрі қойылды. Олардың қатарында елімізге, Ұлытау өңіріне танымал тұлғаларға тиесілі қол сағаттар да бар.
Көрмеге музейдегі ең көне жәдігер – «Павел Буре» механикалық қабырға сағаты ұсынылды. «Павел Буре» – XIX–XX ғасырлар басында Швейцария мен Ресейде жұмыс істеген, жоғары сапа стандарттарымен танылған сағат жасаушылар бренді. Жоғары мәртебеге ие болған бұл компанияның механикалық сағаты Қарсақпайдағы ағылшындар үйінде қолданыста болған.
Көрмеге келген адамдар түрлі сағаттардың тарихымен таныса алады.