ҚАРАҒАНДЫ. 26 наурыз. Қарағанды облысында 100-ден астам үй су астында қалды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламада көрсетілгендей, Шет ауданы Ағадыр кентінде екі күн жауған жаңбыр салдарынан жыралар мен құбырлар, «Ағадырь-Ортау-Успен» жолдары су астында қалды. Мұндағы 23 көшедегі 101 үйді су басқан.
Қазіргі таңда «Ағадыр-Успен» жолдары қалыпқа келтірілуде. Ал Қаражал қаласында 3 көп қабатты тұрғын үйді су басты. Сонай-ақ, Жаңаарқа ауданы Атасу стансасындағы 33 үй су астында қалу қаупі бар екені хабарланды.
Бүгінде қауіпті аймақтан 41 адам шығарылған. Олардың малдары да қауіпсіз жерге жеткізілген. Бұдан бөлек, Қарқаралы ауданының Матақ, Бүркітті, Қаракөл, Т.Әубәкіров атындағы ауылдарындағы үйлердің су басу қаупі тұрғындарды алаңдатып отыр.
Айқын Несіпбай.
Дерек: Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Сурет: altaynews.kz.