АСТАНА. 26 наурыз. Немістің Germanwings компаниясының Airbus A320 ұшағы француздың Альпі таулары етегіне барып соғып, апатқа ұшыраған кезінде пилоттардың бірі кабинада болмаған. Бұл туралы Euronews телеарнасы хабарлады.
New York Times газетінің хабарлауынша, Airbus A320 пилоттарының бірі апатқа санаулы уақыт қалған шамада кабинадан шығып кеткен. «Қара жәшіктегі» жазбадан оның содан кейін қайтып кабинаға кіре алмағаны анық байқалады. Пилот алдымен есікті ақырын қағады, сосын қаттырақ ұрады, ал соңынан бұзып кірмекші болады. Бірақ сол күйі ішке ене алмайды.
«Germanwings авиакомпаниясының аэробусы апатқа ұшыраған мәурітте кабинада екі пилоттың біреуі ғана болған. Екіншісі қайғылы оқиғадан бірнеше минут бұрын салонға шығып кетіп, штурвалға қайтадан келе алмай қалған. Кабинада қалған әріпьесі оған есікті ашпаған. Пилот сосын есікті бұзып кірмек болған, бірақ қолынан келмеген. Бұған лайнер апатқа ұшыраған жерден табылған борт жазбалары мәліметі айғақ бола алады. Сонымен бір мезгілде осы ақпарды таратушы New York Times газеті атын атамаған тергеу өкілінің сөзіне сілтеме жасай отырып, инцидент алдында пилоттардың әңгімелерінде дабыл қағарлықтай ештеңе байқалмағанын, олардың әдеттегідей сөйлесіп отырғандарын мәлімдейді», - деп баяндайды Euronews журналисі.
Борт жазбалары жазылған екінші «қара жәшік» те табылған. Ол қатты бүлінген екен. Онда жад картасы жоқ. Қазір соны іздестіру жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиға болған маңайға кеше, сәрсенбі күні Германия канцлері Ангела Меркель Франция президенті Франсуа Олландпен бірге барып қайтты. Олар Сен-лез-Альп елді мекені жанындағы алаңқайда болды.
Bild басылымының мәліметі бойынша, ұшақтың апат алдындағы қозғалысы туралы есеп жарияланған. Құжатқа қарағанда, пилоттар жергілікті уақыт бойынша 10:30 сағатта диспетчерлерден алған соңғы тапсырмаларын мақұлдаған. Ал 10:31:02-де рұқсатсыз секундына 17,8 метрге жуық жылдамдықпен төмен түсе бастаған. Диспетчерлер сол кезде экипажбен хабарласуға әрекет жасаған, бірақ кері байланыс болмаған, яғни ұшқыштар жауап бермей қойған. 10:35-те бұл жағдай ұлттық шұғыл қызметке хабарланған. Диспетчерлер 10:40-қа дейін экипажбен байланысты қайта қалпына келтіруге тырысып баққан. Содан кейін ұшақ радардан көрінбей кеткен. Лайнердің ең соңғы жылдамдығы 1,890 метр болған.
Әзірге іздеушілер топтары Альпінің адам аяғы баса алатын жерлерінен адам қаңқаларын іздестіруді жалғастырып жатыр.
Мұрат Айтқожа.