Қазіргі кезеңде балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау және нығайту мәселесі қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі болып отыр. Балалар организмі үздіксіз өсу мен морфофункционалдық жетілу жағдайында болғандықтан, сыртқы орта факторларына, соның ішінде тамақтану ерекшеліктеріне аса сезімтал келеді. Балалардың денсаулық көрсеткіштері елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін және санитарлық-эпидемиологиялық қолайлылық дәрежесін сипаттайтын маңызды индикатор ретінде қарастырылады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деректеріне сәйкес, алиментарлық факторлар жұқпалы емес аурулардың (жүрек-қантамыр патологиялары, 2-типті қант диабеті, семіздік, кейбір онкологиялық аурулар) дамуында жетекші рөл атқарады. Осыған байланысты тиімді және теңгерімді тамақтану балалар денсаулығын қамтамасыз етудің базалық шарты ретінде бағаланады. Балалардың өсіп-дамуы үшін рационалды тамақтанудың ғылыми негіздерін талдау мақсатында Абай облысы білім басқармасының, Үржар ауданы білім бөлімінің «Балбөбек» және Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ұлтарақ ауылы, «Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасының ас блогына санитарлық эпидемиологиялық тексеру жүргізілді. Бұл талдау балалар мен жасөспірімдер гигиенасы бөлімінің санитарлық дәрігерінің қатысуымен бірге ұйымдастырылды.
Рационалды тамақтанудың негіздері
Рационалды тамақтану – организмнің энергетикалық шығынын толық өтейтін және пластикалық, реттеуші қызмет атқаратын нутриенттермен ғылыми негізделген мөлшерде қамтамасыз ететін тамақтану жүйесі. Оның мазмұны сандық және сапалық көрсеткіштердің бірлігімен сипатталады. Сандық аспект тағамның энергетикалық құндылығымен анықталады. Балалар организмінде энергия тек негізгі алмасуға ғана емес, сонымен қатар өсуге, жасушалық дифференциацияға, тіндердің регенерациясына және жоғары жүйке қызметінің қалыптасуына жұмсалады. Сондықтан энергетикалық тепе-теңдіктің бұзылуы балаларда айқын клиникалық көріністерге әкелуі мүмкін.
Сапалық аспект тағам құрамындағы макронутриенттердің (ақуыздар, майлар, көмірсулар) және микронутриенттердің (дәрумендер, минералды заттар, микроэлементтер) физиологиялық тұрғыдан негізделген арақатынасымен сипатталады. Әсіресе алмастырылмайтын аминқышқылдары мен полиқанықпаған май қышқылдарының жеткілікті түсуі өсіп келе жатқан организм үшін ерекше маңызға ие.
Балалардың тәуліктік энергия қажеттілігі олардың жасына, жынысына, дене салмағына және физикалық белсенділік деңгейіне байланысты айқындалады. Энергия шығыны мен энергия түсуінің арасындағы сәйкестік энергетикалық гомеостазды қамтамасыз етеді.
Энергия тапшылығы жағдайында:
бой өсуінің тежелуі, дене салмағының жеткіліксіздігі, иммунологиялық реактивтіліктің төмендеуі байқалады.Ал энергияның шамадан тыс түсуі:
май тінінің артық жиналуына, семіздікке, ерте метаболикалық бұзылыстарға алып келеді.Осылайша, балаларда рационалды тамақтану энергетикалық балансты сақтауға бағытталуы тиіс.
Ал балалар рационында микроэлементтер мен дәрумендердің жеткіліксіздігі алиментарлық-тәуелді патологиялардың дамуына себеп болады. Темір тапшылығы анемиясы, йод жетіспеушілік жағдайлары, гиповитаминоздар, кальций тапшылығы сүйек жүйесінің дамуына кері әсер етеді.
Цинк, селен, А, Е, С дәрумендерінің жеткіліксіздігі антиоксиданттық жүйенің әлсіреуіне, иммундық жауаптың төмендеуіне және созылмалы ауруларға бейімділіктің артуына әкеледі. Ақуыз тапшылығы балалардың психомоторлық дамуын баяулатып, оқу қабілетінің төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Бұл деректер рационалды тамақтанудың тек физиологиялық емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызын айқындайды.
Ас мәзіріне гигиеналық бағалау
Балалар үшін тамақтану режимін сақтау маңызды гигиеналық талаптардың бірі. Ас қабылдау арасындағы интервал 3,5–4 сағаттан аспауы тиіс. Тамақтану тәртібінің бұзылуы ас қорыту ферменттерінің ырғақтылығына кері әсер етіп, гастроэнтерологиялық патологиялардың даму қаупін арттырады.
Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар үшін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жүйесі ұйымдастырылуы қажет. Тамақ рационында сүт өнімдері, ет, балық, дәнді дақылдар, көкөністер мен жемістердің болуы физиологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Ас мәзірін гигиеналық бағалау – нақты адамның немесе ұйымдасқан ұжымның тәуліктік тамақтану рационының физиологиялық нормаларға сәйкестігін анықтауға бағытталған ғылыми талдау. Бағалау барысында тағамның химиялық құрамы, энергетикалық құндылығы және негізгі нутриенттердің мөлшері есептеліп, олар жасына, жынысына және физикалық белсенділігіне сәйкес ұсынылған нормативтермен салыстырылды.
Зерттеу барысында анықталған кемшіліктер негізінде практикалық ұсыныстар әзірленді.
Зерттеу нәтижелері ҚазҰУ-дің «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша білім алатын студенттердің практикалық сабақтарында оқу материалы ретінде және эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедраларында әдістемелік ресурс ретінде пайдалануға ұсынылды.
Атап өткен жөн, зерттеу нысандары эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілер санатына жатады, себебі санитариялық талаптардың сақталмауы балалар арасында тағамнан улану және жұқпалы аурулардың таралу қаупін арттыруы мүмкін.
Зерттеу барысында санитариялық-эпидемиологиялық тексеру әдісі қолданылып, бағалау келесі бағыттар бойынша жүргізілді: ғимараттың санитариялық-техникалық жағдайы; сумен жабдықтау, кәріз және жылыту жүйелерінің жұмыс істеуі; желдету және жарықтандыру көрсеткіштері; ас блогының ұйымдастырылуы және технологиялық процестің бірізділігі; тағам өнімдерінің сақталу шарттары; тамақтану рационының санитариялық нормаларға сәйкестігі; персоналдың медициналық бақылаудан өтуі.
Ас блогында шикі және дайын өнімдердің қиылысуына жол берілмейтіні, тағам дайындау технологиялық карталарға сәйкес жүргізілетіні, ыдыстар мен құралдардың таңбаланғаны анықталды. Тез бұзылатын өнімдер тиісті температуралық режимде сақталған.
Балаларды тамақтандыру бекітілген екі апталық перспективтік мәзір негізінде күніне 5 рет ұйымдастырылған. Рацион санитариялық қағидалар талаптарына сәйкес келеді, үшінші тағамға С дәрумені қосылып витаминдеу жүргізіледі.
Дайын тағамдардың сапасы органолептикалық әдіспен бағаланып, тәуліктік сынамалар сақталады. Тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сертификаттары бар. Қызметкерлердің барлығы медициналық тексеруден өткен.
Инженерлік коммуникациялар (су, кәріз, жылыту, желдету) жұмыс жағдайында, санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкес екені анықталды. Соңғы үш ай ішінде жұқпалы аурулар тіркелмеген.
Қорытынды және ұсыныстар
Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша зерттелген мектепке дейінгі ұйымдардың санитариялық жағдайы қолданыстағы нормативтік талаптарға жалпы сәйкес келетіні анықталды. Гигиеналық қауіпсіздікті одан әрі қамтамасыз ету мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды тұрақты бақылау; Ас блогындағы технологиялық тәртіпті қатаң сақтау; Тамақтану рационының теңгерімділігін жүйелі бағалау; Залалсыздандыру режимін сақтау және қызметкерлерді мерзімдік медициналық тексеруден өткізу ұсынылды. Соынмен қатар тамақтануды дұрыс ұйымдастыру бойынша да ұсыныстар берілді. Яғни, жас ерекшеліктеріне сәйкес тағам порцияларын нақты саралау, С-витаминдеуді жыл бойы тұрақты жүргізу, Ас блогында технологиялық процестерді тұрақты ішкі бақылауда ұстау, Тамақтану мониторингін жүйелі түрде жүргізу және Өндірістік бақылауды қолданыстағы санитариялық нормативтерге сәйкес күшейту.
Жалпы алғанда, екі мекемеде де балаларды тамақтандыру жүйесі санитариялық талаптарға сәйкес ұйымдастырылған, алайда анықталған кемшіліктерді жою тамақтанудың гигиеналық тиімділігін одан сайын арттыруға мүмкіндік береді.
Айқыз Хасен, Қарасай ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы