• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Елімізде зауыт емес, сауда орталықтары көп салынады: Сандар сөйлесін

10 рет
көрсетілді

Қазақстанда соңғы жылдары өндірістік нысандармен салыстырғанда сауда инфрақұрылымын дамыту қарқыны жоғары болып отыр. Елде пайдалануға берілген бейөндірістік объектілер саны өсіп, құрылыс саласының құрылымдық ерекшеліктері де өзгеріп келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өткен жылы Қазақстанда мектеп, аурухана, сауда орталығы және басқа да коммерциялық емес мақсаттағы 5,4 мыңнан астам жаңа нысан пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 33,7%-ға жоғары. Пандемиядан кейін бизнес пен мемлекет даму жоспарларын қайта жандандыра бастаған кезеңнен бастап құрылыс белсенділігі тұрақты өскен.

Ұлттық статистика бюросының деректері бейөндірістік сектордағы ақшалай көлемнің күрт артқанын да көрсетеді. Егер 2024 жылы көрсеткіш 3,2 трлн теңге болса, өткен жылы 17,7 трлн теңгеге жеткен. Яғни өсім шамамен 6 есеге жуық.

Мұндай серпіліс екі негізгі факторға байланысты. Біріншісі – ірі өнеркәсіптік жобалардың іске қосылуы. Мәселен, 2025 жылы Түркістан облысында уран және торий кенін өндіретін кәсіпорын ашылды. Бұл жоба «Қазатомөнеркәсіп» пен француздың атом өнеркәсібіндегі көшбасшысы «Orano» компанияларының бірлескен бастамасы болды. Сондай-ақ Алматы облысында вольфрам-молибден кенін байыту зауыты және Атырау облысында жаңа мұнай өндіру алаңы іске қосылды.

Екінші фактор – мемлекеттік қаржыландырудың өсуі. Мысалы, мектеп құрылысына бөлінген инвестиция 6,3 есеге, республикалық маңызы бар жолдарға – 3,7 есеге, ал спорттық-сауықтыру кешендеріне қаржы 5 есеге артқан.

Сауда нысандарының басымдығы сақталып отыр

Салалық құрылымға талдау сауда секторында жаңа объектілердің жыл сайын көп пайдалануға берілетінін көрсетеді. Әдетте олардың саны өнеркәсіптік кәсіпорындардан 2-3 есе жоғары.

Өткен жылы елде 677 сауда және ойын-сауық нысаны салынып, жалпы құны 223,9 млрд теңгені құрады. Сауда орталықтары саны бір жылда шамамен 1,5 есеге артса, олардың нақты құны 75,6%-ға өскен.

Ішкі саудаға серпін: Кәсіпкерлерге 4,3 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді

Аграрлық және әлеуметтік инфрақұрылым дамып жатыр

Агроөнеркәсіп кешені де белсенді дамып келеді. Өткен жылы бұл салада 600-ге жуық жаңа объект іске қосылды. Оның ішінде – 5 құс фабрикасы, 4 жылыжай кешені, 2 астық элеваторы, 31 мал шаруашылығы кешені, 14 көкөніс сақтау қоймасы іске қосылған.

Әлеуметтік салада да өсім байқалады. Ел бойынша 529 білім және денсаулық сақтау нысаны салынды, соның ішінде 234 мектеп пайдалануға берілді. Мектеп құрылысына шамамен 1,4 трлн теңге жұмсалған. Салыстыру үшін, 2024 жылы бар болғаны 86 мектеп салынып, оған 218,9 млрд теңге бөлінген.

Өнеркәсіп және логистика секторындағы өзгерістер

Өндірістік секторда толық көрініс статистикалық деректердің құпиялылық шектеулеріне байланысты берілмейді. Дегенмен тау-кен, мұнай-химия және өндірістік салада ірі кәсіпорындар ашылғаны белгілі.

Соңғы жылдары құрылыс материалдарын өндіру саласында жаңа кәсіпорындар саны 50%-ға артты. Логистикалық инфрақұрылым да қарқынды дамып жатыр. Қойма объектілерінің саны 195-тен 299-ға, яғни 53,3%-ға көбейді. Бұл электронды сауданың кеңеюімен және өнеркәсіп өндірісінің өсуімен байланысты.

Өңдеуші өнеркәсіп құрылымында шағын бизнес басым. Саладағы ұйымдардың 95%-дан астамы – шағын кәсіпорындар. Олардың саны 2019 жылғы 15,1 мыңнан өткен жылы 22,2 мыңға дейін өсті.

Орта бизнес саны айтарлықтай өзгермей, жыл сайын шамамен 500 кәсіпорын деңгейінде қалып отыр. Бұл шағын компаниялардың орта бизнес санатына өтуінде қиындықтар бар екенін көрсетуі мүмкін. Ірі бизнес үлесі де салыстырмалы түрде аз – шамамен 250-260 кәсіпорын.

Шетелдік маркетплейстерде сауда жасау: ел азаматтары үшін не өзгереді?

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім

Өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің көптеген сегментінде кәсіпорындар саны аз да болса өскен. Машина жасау саласында шамамен 4,5 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл сектор мемлекеттік қолдауға ие болып, өнім ассортиментін кеңейтіп жатыр.

Азық-түлік өндірісі де қарқынды дамып жатыр – кәсіпорындар саны 9,2%-ға өсіп, 3,6 мыңға жетті. Сонымен қатар дайын металл бұйымдарын өндіру – 11,4%, құрылыс материалдары – 6,4%, химия өнімдері – 6,8%, металлургия өнімдері – 10% өсті.

Жалпы сарапшылар Қазақстан экономикасында құрылыс, сауда және өнеркәсіп салалары бір-бірімен тығыз байланысты дамитынын айтады. Алдағы кезеңде нарықтың тұрақты, бірақ баяу өсімі сақталуы мүмкін.

Тиімді сауда – тұрақты өсімге сеп

Соңғы жаңалықтар