Алып айдынның жағасында отырса да, балық өнімдеріне жарымаған Маңғыстау жұртшылығына қызыл балық таңсық асқа айналған. Тіпті оны заңсыз аулаймын деп істі болып жатқандар да аз емес.
Кезінде маңғыстаулық ихтиолог Зұлқаш Баймырзаев Каспийге әкеліп жерсіндірген кефальдің өзі брендке айналған еді. Алайда бір кездері балық шаруашылығы дүркіреп тұрған Ақкетікте бүгінде өндіріс бәсеңдеп, балық аулау, оны тазарту, дайындау, консервілеу туралы естеліктер ғана айтылады.
Дегенмен үміт оты қайта жанғандай. Құрық портынан 20 шақырым оңтүстікте қолға алынған тың бастама теңізге телмірген тұрғындарды жергілікті өніммен қамтамасыз етуді көздейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі, Балық шаруашылығы комитеті, «Каспий» ӘКК» АҚ қолдауымен жүзеге асып жатқан жобаның әлеуеті зор.
2025 жылдың соңғы айларында «Organic Fish» компаниясы өңірде, жалпы еліміздің тарихында тұңғыш рет теңіз аквамәдениетін дамытуды қолға алды. Каспий теңізінің акваториясындағы арнайы тор қоршауларға албырт тұқымдас балықтардың алғашқы партиясын суға түсірді.
Қазірде жоба белсенді кезеңге өтті. Мамандардың айтуынша, шабақтар ашық теңіз жағдайына сәтті бейімделіп, тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бастапқыда орташа салмағы шамамен 200 грамм болған балықтар қазір 300–350 грамға дейін жетті. Қысқа уақытта биомасса 50 пайыздан астам ұлғайып, бүгінде тор қоршаулардағы балықтың жалпы салмағы 20 тоннадан асты.
Балық өсіруге бұл аумақ кездейсоқ таңдалмаған. Табиғи су алмасу үдерісі, теңіз ағыстары, табиғи температуралық режімі су жәндіктерінің өсіп-жетілуіне өте қолайлы. Жоба табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалану қағидаттарына, норвегиялық озық технологиялар мен стандарттарға негізделген. Осылайша, теңіз төсіндегі темір қоршауларда албырттар алаңсыз әрі еркін өсіп келеді.
Маңғыстау облысы