• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:28

Интернатта оқып жүр...

10 рет
көрсетілді

Кеген ауданындағы Тасашы орта мектеп-интернатындағы оқушылар саны бұдан он шақты жыл бұрын 300-ге жуықтайтын еді. Одан бергі уақытта бала санының күрт төмендеп кеткені байқалады. Биыл білім шаңырағындағы 142 оқушыны 32 мұғалім оқытады. Ал мектеп жанындағы еңселі үш қабатты интернат үйіне 65 бала орналасқан.

«80 жылдық тарихы бар Тасашы орта мектебі жанында интернат пен шағын орталық жұмыс істейді. Бала санының азайып кетуіне байланысты шағын жинақты мектепке жатады. Аудандағы жалғыз мектеп-интер­­нат. Мұнда осы өңірдегі аз қамтылған от­басының, жалданып жұмыс істей­тін малшылардың балалары және жетім, жартылай жетім балалар жатып оқиды», дейді мектеп директоры Нұргүл Абықанова.

Аудандағы шалғай ауылда орна­ласқан жалпы аумағы 3300 шаршы метрлік бұл мектепке 2024 жылы ­1 млрд 200 млн теңге бөлініп, күр­делі жөндеуден өткен. Құры­лыс жұ­мыстары уақтылы аяқталып, өткен жылғы оқу жылын балалар жұ­­мырт­қадай жарқыраған су жаңа мек­тепте аяқтаған болатын. Ауыл мектебінің заманауи қалыпқа келуі оқушылардың ынтасын артты­­рып, мұғалімдер мен ата-аналарға да тың серпін беріп, сенім ұялатқан. Талабы таудай оқушылар қосымша білім беру үйірмелеріне қатысады. Ағылшын тілін үйренеді. ҰБТ-ға да­йындық жұмыстары жүргізіледі. Домбыра, мүсіндеу өнерін меңге­ріп, жүлделі байқауларға барғандары аз емес. Бұдан бөлек, 50 оқушы тұрақты түрде күреске қатысып, спорттық жарыстардың жеңімпаздары атанған. Араларында республикалық, тіпті халықаралық жарысқа қатысқан талантты оқушылар барын мақтан етеді. Балаларды өнерге баулуда Заман­бек Нұрқаділов атындағы аудандық «Өнер» мектебінің ұстаздары ке­ліп, шығармашылық сағаттарын өт­кізіп тұрады. Сөйтіп, шалғай ауыл мек­тебінің талантты шәкірттерінің шырағын жағып, Тәңіртаудай биікке самғауына септігін тигізіп келеді. Оған қоса тау бөктеріндегі ауыл балалары­ның шаңғы тебудегі шеберліктерін шыңдау үшін Жалағаш ауылын­дағы спорт мектебінің тәжірибелі жат­тықтырушылары атсалысып, қысқы спортты меңгеруге баулып келеді. Мектепте 62 бала міндетті білім беру қорынан ыстық тамақпен қамтылған.

«Бес балам бар. Үшеуі мектеп жасында, алды 6-сыныпта оқиды. Біз кіші Тасашыда тұратындықтан балаларымызға арнайы автобус бө­лініп, тасымалмен оқиды. Мектеп жа­салғалы бері еңсеміз көтеріліп қал­ды. Ұлдарым мектептен тегін ыстық та­мақ ішеді, спорттық үйірмелерге қатысады. Сабақ үлгерімдері жақсы, күрестен жеңімпаз болып, грамота алды. Балаларымыздың жан-жақты дамуына, бәйгелерден оза шабуына атсалысып жүрген ұстаздарымызға дән ризамыз», дейді ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Жұлдыз Шалағызова.

Үш қабатты мектеп жанындағы интернат ғимаратына да өткен жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, жайлылық орнаған. Мектеп басшысы интернатта су, жарық, жылу, балалардың жатын орны, санитарлық жағдайы басты назарда екенін алға тартты.

«120 орындық интернатта осы күні 65 бала бар. 5 тәрбиеші, білікті аспаз, мейірбике жұмыс істейді. Олар балалардың білім алуы мен тәр­тібіне жауапты. Апта сайын бала­лар моншаға түсіп тұрады. Төрт мез­гіл тамақ беріледі. Бастауыш сынып оқушыларының мектепте іше­тін тамағын есепке алғанда бес уақыт тамақпен қамтылған. Бала­лардың күндік тамағының құны ас мәзіріне байланысты 1800-2000 теңгені құрайды. Интернат балалары бос уақыттарында өздері қалаған көркемөнер үйірмелеріне қатысып, шығармашылықпен айналысады. Кітап оқып, ой-өрісін дамытып, ұлт­тық тәрбие құндылықтарын сіңіруге қатысты мәдени іс-шаралар үнемі өткізіліп отырады. Бұл бағытта оқу­шыларымыздың белсенділігі өте жо­ғары. Интернет те іске қосыл­ған», дейді мектеп басшысы Нұргүл Қырықбайқызы.

Интернаттағы балалардың денсау­лығы тәжірибелі мейірбике Бұлбұл Ермекбайқызының қадағалауын­да. Маманның сөзінше, алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажет барлық мүмкіндік жасалған. Интер­нат асханасында 4 адам еңбек етеді. Бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бас аспаз Қарлығаш Рысқұлова бүгінгі күні ас мәзірі үй жағдайындағы тамақ түрлеріне көшкенін тілге тиек етті.

«Аптасына бір мезгіл балық бері­леді. Күнделікті айран, жеміс-жидек, мәнті, лағман, тұшпара сынды бала­лардың тәбеті тартатын ыстық тамақ түрлері дайындалады, оған қоса нан өнімдерін өзіміз пісіріп береміз. Берілетін тағамдарымыз табиғи таза­лығымен ерекшеленеді», дейді бас аспаз.

 

Алматы облысы,

Кеген ауданы

Соңғы жаңалықтар