• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:30

Ұлт көсеміне құрмет

40 рет
көрсетілді

Алаш қозғалысынның көшбасшысы, көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына – 160 жыл. Ол азаттықты аңсап, туған елінің саяси тұтастығы мен бекемдігі жолында жанын құрбан етті. Жұртының мұрасын түгендеп, мұратын айқындады. Алаш ұғымын елдік һәм мемлекеттік рәмізге айналдырған тұлғаның құрметіне Астанадағы зиялы қауым үш арыс – Әлихан, Ахмет, Міржақып ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Іс-шараға Alash.kz ұлттық порталы мұрындық болды.

Салтанатты іс-шара­ға филология ғы­лымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай қатысып, Алаш руха­нияты тура­лы сөз сөй­леді. «Әлихан Бөкейхан және ол түйін­деп берген идея нәтижесінде қазақ­тың тәуелсіздік нысанасы бекіді. Ол қазақтың мүд­десіне кешегі күні қызмет еткен, бүгін де, ертең де қызмет ете береді. Ұлт көшбасшысының өмірі мен шы­ғар­ма­шылығына байып­ты көзқарас, сын­­дарлы зерттеу әлі де қажет. Жұрт ісіне жұ­мы­латын жастар барда Әлекеңнің тік­кен туы қашанда биік болады», деді Т.Жұртбай.

Расында, Әлихан Бөкей­хан батқан күннің шұғы­ласына емес, атар таңның шапағынан көп үміт күтті. Оқыған жас­тарға сенім артып, ел келешегін солар­дың білім-білігі мен азаматтық жауап­кер­шілігіне тапсырды. «Біз – суды теріс ағызған атаның баласымыз» деп аруақты баба­ларға иық тірей отырып, «алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді» деп ер­теңге елжірей қарайды. Салтанатты рә­сім­де алаштанушы, профессор Айгүл Ісмақованың да сөзі осы ойды қуаттады.

«Біз бейбіт халықпыз. Сонымызбен бас­қаға үлгі көр­сетіп келеміз. Адамдық мұ­рат­ты бәрі­нен жоғары қоятын толе­рант­ты, зайырлы мемлекет – елдің ба­қы­­ты. Мұ­ның басында Әлихан Бө­кей­хан тұ­жы­­­рым­­даған Алаш идеясы тұр», деді А.Ісмақова.

Елордадағы тағылымды іс-шара сол күні түрлі форматта жалғасын тапты.

Соңғы жаңалықтар