• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 17:51

Ерлан Жетібаев: Қазақстан өз азаматтарын қатерге қалдырмайды

0 рет
көрсетілді

Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың ушығуына байланысты ел азаматтарын эвакуациялау әлі де жалғасып жатыр. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев уәкілетті органдармен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың жай жапсарын баяндады. Бастысы, қауіпті аймақтарда зардап шеккен немесе опат болған ел азаматтары жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Эвакуация басталғалы бері уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ резидент және резидент емес әуе компанияларының көмегімен 8 585 азамат елге қайтарылған. Алдағы күндері Израильден 78 азаматты, Қатардан шамамен 350 адамды, Біріккен Араб Әмірліктерінен шамамен 550 адамды, Сауд Арабиясынан шамамен 300 адамды эвакуациялау жоспарланып отыр. Көрсетілген деректер өзгеруі мүмкін.

«Біз отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді жұмсап, кез келген жағдайда жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз», деді ведомствоның ресми өкілі.

Азаматтарды елге шығару тек әуе рейстерімен шектелмейді. Жерүсті жолдарымен де эвакуация тәсілдері бар. Атап айтқанда, Әзербайжан, Армения және Түрікменстанның құрлықтағы шекаралары арқылы азаматтар отанына аман-есен оралып жатыр. Мәселен, Ираннан 66 қазақстандық елге осылай қайтқан.

«Бір литр де мұнай шықпайды»: Иран Ормұз бұғазын толық бақылауға алды

Сонымен қатар Таяу Шығыстағы соғыс өрті өршіп, әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Қазақстан азаматтарына өңірдегі бірқатар мемлекетке барудан уақытша бас тарту ұсынылды. Әсіресе Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Иран, Катар, Сауд Арабиясы, Түркия, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сирияға сапарларды кейінге қалдыруға кеңес берілді.

Өңірде жүрген азаматтарға жеке қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қауіпті аудандардан аулақ болу, жергілікті билік органдарының нұсқауын орындау және зымырандық қауіп туындаған жағдайда паналау орындарына бару қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктермен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болу ұсынылды.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұған дейін жарияланған ескертулерге қарамастан, кейбір азаматтар аталған елдерге сапар жоспарлап отыр. Осыған байланысты ведомство жағдай толық тұрақтанғанға дейін мұндай сапарларды жоспарлаудан бас тартуға шақырды.

Путин АҚШ-тың Ирандағы операциясына таңданыс білдірді

Бұған қоса министрлік шетелде өтетін референдумға дайындық туралы да ақпарат берді. Ведомствода арнайы штаб құрылып, ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың күрделенуіне, сондай-ақ Украина мен Эфиопиядағы қауіпсіздік деңгейінің төмен болуына байланысты 10 елдегі 11 сайлау учаскесінің жұмысы уақытша тоқтатылды.

Олардың қатарында Қазақстанның Иран, Израиль, Иордания, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопиядағы дипломатиялық өкілдіктері жанындағы, сондай-ақ Дубай қаласындағы Қазақстан консулдығы жанындағы учаскелер бар.

Ермек Көшербаев Израильдің Сыртқы істер министрімен сөйлесті

Осылайша референдум кезінде 54 елде 71 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Шетелдегі сайлаушылардың жалпы саны 14 230 адамды құрайды.

Соңғы жаңалықтар