• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мереке Бүгін, 08:55

Амал мерекесінің айшығы

10 рет
көрсетілді

Халқымыздың бағзыдан бүгінге жеткен айрықша мейрамының бірі – Амал мерекесі. Көктемнің сәруар шуағына шомылып, жұртшылықтың ақжарқын көңілімен көмкерілетін Амал күні – ұлыс мейрамының бастауы.

Көрісу күні деп атап кеткен мереке  Маңғыстаудан басталып, бүгінде тұтас ел көлемінде тойланып жүр. Қыстың құрсауынан құтылып, жылға аман жеткен ағайын жадырай көрісетін 14 наурыз – киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құры­лып, ұлттық дәстүр мен өнердің салтанат құратын күні.

Маңғыстауда Амал мерекесі кейінгі жылдары тұрақты түрде Отпан тау биігіндегі тарихи-мәдени кешенде тойланып келеді. Өңірлік Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, Маңғыстауда Амал мейрамы биыл да айрықша тойланады.

Екі күнге жоспарланған мереке­лік бағдарлама ұлттық рух пен салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталған мазмұнды іс-шараларға ұласады. Атап айтқанда, қазақ күресі, кір тасын көтеру, қол күресі, арқан тарту сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Сонымен қатар жыр-терме кеші, қолөнер көрме-жәрмеңкесі, аналар шеруі және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Амал күні Отпан тауда өте­тін дәстүрлі іс-шараның бірі – «Бірлік» отын жағу рәсімі. Ұйым­дастырушылардың айтуынша, бұл рәсім жаугершілік кезінде Маңғыстаудың ойы мен қырын жайлаған қазақ қолын біріктіру үшін Отпанның биігінен жағыл­ған ұран от құрметіне және шейіт­тер рухына бағышталған, бүгінде халықтың бірлігі мен ұрпақ сабақтастығын бейнелейтін белгі болып табылады.

Дәстүрге сай ат спорты да мерекенің басты көркіне айналады. 7 шақырымдық құнан бәйге, 12 шақырымдық топ бәйге мен 18 шақырымдық аламан бәйге жа­рыс­тары өтеді.

«Амал – татулық пен бірлік мере­кесі» атты мерекелік бағ­дар­лама аясында жергілікті өнер­­­паздармен қатар, шетелден арнайы шақыртылған дәстүрлі өнер өкілдері көрерменге түркі халық­тарының ұлттық музыкасы мен бай мәдени мұрасын ұсынады. Олардың қатарында өзбек халық әндерін орындауда шеберлігі­мен танымал Өзбекстан мемлекеттік филармониясының әншісі Диль­фуза Қабылева, Қырғыз Респуб­ликасының белгілі әншісі, Т.Са­тылғанов атындағы Қырғыз мемлекеттік филармониясының солисі Жанар Туратова, Әзербай­жан Республикасынан келген дәстүрлі әнші, «Vatan Musik Group» ансамблінің вокалисі, әзербайжан халық музыкасын жаңа стильде насихаттап жүрген өнерпаз Сефали Мирзелиев, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің Бейнелеу өнері бас басқармасына қарасты Анкара мемлекеттік түрік халық музыкасы хорының вокалисі Нильгюн Кизилчи бар. 

Көрісу күнін тойлау тек Отпан таумен шектелмейді. Әдемі кештер мен көріністер әрбір аудан, қалаларда, көше­лер мен алаң­дарда, мәдениет мекемелері мен білім ошақтарында және әрбір отбасында үлкен мерекеге айналады.

Амал – бірлік пен мейірімнің, табиғат пен тарихтың өміршең мерекесі.

 

Маңғыстау облысы