Наурызнама онкүндігі аясындағы Шаңырақ күні – отбасы құндылықтарын ұлықтап, ұрпақ сабақтастығын дәріптейтін тағылымды күн. Қазақ ұғымында шаңырақ – тек бір әулеттің емес, тұтас ұлттың тұтастығын танытатын киелі нышан. Отбасының беріктігі – қоғамның беріктігі, ал ұрпақ жалғастығы – ел болашағының кепілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы институтының стратегиялық мәніне айрықша тоқталып, оның ұлт сапасын айқындайтын басты тірек екенін атап өткен еді.
«Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады. Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі», деген болатын.
Осындай ұлағатты ұстанымдардың нақты көрінісін еңбекпен өрілген әулеттердің тағылымды жолынан аңғаруға болады. Солардың бірі – Мұхатовтар әулеті. Ел игілігі жолында тұтас әулетімен қызмет етіп келе жатқан бұл отбасының өнегесі көпке үлгі. Үш ұрпақтың маңдай тері тоғысқан әулет су шаруашылығы саласына 160 жыл ғұмырын арнаған.
Шаңырақ күні: Бүгін елордада қандай іс-шаралар өтеді?
Бұл әулеттің еңбек жолы 1967 жылдан бастау алады. Содан бері бірнеше буын өкілдері елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бүгінде сол дәстүрді жалғастырып жүргендердің бірі – «Қазсушар» РМК Ақмола филиалында жетекші маман қызметін атқаратын Жанар Мұхатова. Ол су тұтынушылармен жұмыс жүргізіп, гидротехникалық нысандардың техникалық жағдайын бақылап, жүйелі тексерулер ұйымдастырады.
Шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы
Жанардың кәсіби жолы – әке-шешесінің өнегесінің заңды жалғасы. Әкесі Жұмабек Мұхатов су шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек етіп, шеберден бастап басшылық қызметтерге дейін көтерілген. Ол Жамбыл облысының су жүйесін дамытуға сүбелі үлес қосып, 2011-2017 жылдары Шу-Талас бассейндік су инспекциясын басқарды. Ал анасы Әзия Шамшиева бұл салада 40 жылдан астам еңбек етіп, Шу, Талас, Аса өзендерінің суын бөлуді, су қоймаларының есебін жүргізуді үлкен жауапкершілікпен атқарды. Кейін Су ресурстары комитетінде қызмет етті.
Әулеттің еңбек сабақтастығы бұдан да тереңде жатыр. Жанардың нағашы атасы мен әжесі Әділше және Айбалаш Шамшиевтер Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы су шаруашылығы нысандарында ұзақ жыл еңбек еткен. Ал әпкесі Гүлмира да осы саладан алшақ кеткен жоқ – «Қазсушар» мекемесінде инженер-гидротехник әрі экономист қызметін атқарған.
«Жұмысқа қатысты мәселелер бойынша анаммен жиі ақылдасамын. Тәжірибелі маманның кеңесі қажет болғанда ең алдымен соған жүгінемін. Өзара қолдау көрсету және кез келген сәтте көмектесуге дайын болу – біздің отбасымыздың басты құндылықтарының бірі. Ата-анамның өнегесі өз жолымды табуыма көмектесті, ал олардың тәрбиесі ел игілігі үшін аянбай еңбек етуге жігер береді», дейді Жанар Мұхатова.
Бүгінде Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорнында осындай 60-тан астам еңбек әулеті бар. Солардың қатарында Мұхатовтар – Шамшиевтер әулеті – ұрпақ сабақтастығы мен адал еңбек дәстүрінің айқын үлгісі.
Ырыс ұялаған шаңырақ
Шаңырақ – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, тұтас қоғамның тірегі. Осындай еңбекпен өрілген әулеттер елдің іргесін бекемдеп, ұлттың сапасын арттыруға үнсіз, бірақ өлшеусіз үлес қосып келеді.