• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Футбол Бүгін, 08:30

«Атырау» футбол клубы да жекешеленеді

30 рет
көрсетілді

Мұнайлы шаһарда екі стадион бар. Оның бірі «Мұнайшы» стадионында күрделі жөндеу жүргізіледі. Ал «Судремонтник» стадионы Премьер-лига ойындарын өткізу талабына сәйкес емес.

«Атырау» футбол клубының директоры Қуандық Жақиялиевтің айтуынша, осындай себеппен қарсылас командаларды жергілікті стадионда қабылдамайды. Жасыл жейделі команданың ойыны басқа қалада өтеді.

– Премьер-лига ойындарын өткізу үшін стадионда 3 мың орын, жарық болуы қажет, басқа да талаптар бар. Осыған байланысты «Мұнайшы» стадионында күрделі жөндеу жұмысын бастау көзделіп отыр. Ал «Судремонтник» стадионы жаттығу өткізетін орын ретінде салынғандықтан, Премьер-лига ойын­­­­дарын өткізу талабына сәйкес болмай тұр. Бұл стадионды да талапқа сәйкестендіру жұмыстары қолға алынады. Осындай себептер «Атырау» командасының алдағы екі-үш айдағы ойындарын Түркістан қаласында өткізуге шешім қабылданды, – дейді Қ.Жақиялиев.  

Футбол клубы биылғы чемпионат қарсаңында бас бапкерді ауыс­тырды. Екі рет бас бапкер болған Виталий Жуковскийдің қандай себеппен кеткені белгісіз. Енді команда құрамын күшейтуге мән беріліп отыр. Бас бапкер  лауазымына Владимир Чебурин таңдалды. Ол 2009 жылы «Шахтёр» клубын ел чемпионатының қола жүлдесіне жеткізіп, ел кубогінің финалына шығарды. Кейін «Оқжетпес» клубын қайтадан Премьер-лигаға алып шықты. Оның жетекшілігімен Литваның «Судува» клубы үш рет ел чемпионы атанды. Осы елдің «Жальгирис» клубы үш мәрте ел чемпионы, екі мәрте Литва кубогінің жеңімпазы атанған. Осындай жетістіктері үшін В.Чебурин Литвада үш рет «Жыл бапкері» атағын иеленген.

Команда жаңа ойыншылармен келісімшарт жасап жатыр. Соның бірі – Беларусь құрамасының ойын­­шы­сы Егор Хвалько. Қорғаушы пози­циясында ойнайтын Егор – биыл аталған клубтың сапына қосылған алғашқы легионер. Е.Хвалько бұған дейін «Неман» (Беларусь), «Неман-2», «Дняпро», «Арсенал Дзержинск», «Кяпаз» (Әзербайжан), «Тобыл» (Қазақстан) командалары құрамында ойнаған.

Тағы бір ойыншы – жартылай қорғаушы Александр Нойок. 2023–2024 жылғы футбол маусымында «Атырау» сапында доп тепті. Енді ескі әрі жаңа ойыншы ретінде қайта оралып отыр.

Нигериялық футболшы Марио Рабиу жартылай қорғаушы позициясында ойнайды. Ол футболдағы кәсіби мансабын Италияның «Модена» клубында бастады. Кейін 2023 жылдың қаңтарында «Витербезе» клубына, одан соң албаниялық «Скендербеу» клубына ауысқан. Былтырғы ақпанда «Ақтөбе» клубының сапына тартылып, Премьер-лигада бес ойын өткізген.

Осындай деңгейі бар «Атырау» футбол клубы сатылуы мүмкін бе? Бұл сауал жергілікті жанкүйерлерді толғандырып жүр. Облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықовтың айтуына қарағанда, команданы жекенің ие­лі­гіне беру жоспары бар. Осыған бай­ланысты клубтың нақты құны есеп­теліп, жекеге сатуға  конкурс жария­ланды. Клубтың бастапқы құны 175,6 млн теңгеге бағаланып отыр. Нарықтық құны – 250,8 млн теңге.

Футбол клубын сатып алатын инвес­торға бірнеше тармақтан тұра­тын міндетті орындау жүктеліп отыр. Біріншіден, инвестор құны 1 млрд теңгеден кем емес футбол академиясын ашуға тиіс. Екіншіден, 8 660 орынға есептелген «Мұнайшы» стадионына иелік етіп, инфрақұрылымын жетілдіруі қажет. Үшіншіден, алдағы үш жылда футбол орталығында кемінде 1 мың баланы тегін оқытуы керек. Клубтың негізгі құрамына жергілікті тәрбиеленушілерді тарту жүктеліп отыр. Төртіншіден, жыл сайын қаржылық кіріс-шығысқа қатысты аудиторлық тексеру өткі­зіп, мемлекеттік органдарға есеп береді. Бесіншіден, клубтың осы кезге дейінгі брендін сақтайды. Демек, тарихи атауын, түсі мен эмблемасын құзырлы органдардың келісімінсіз өзгертуге қатаң тыйым салынады.

– Жекешелендіру талапқа сәйкес жүргізіледі. Соның аясында «Атырау» футбол клубын жеке иелікке сату жөнінде шешім қабылданды. Әлеуметтік желіде клубтың жаңа иесі кім болатыны жөнінде жазба тарады. Алайда клубты кім сатып алатыны әзірге белгісіз. Клубтың жаңа иесі тендердің қорытындысымен белгілі болады. Қазір әлеуетті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді Н.Сыдықов.

Атырау облысы