2026 жылғы 2 наурызда басталған Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) бүгінгі күнге дейін 117 мыңнан астам талапкер тапсырды. Олардың 71,6%-ы – тестілеуді қазақ тілінде, 28,3%-ы – орыс тілінде, ал 111 адам ағылшын тілінде өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Үшінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67,11%-ы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл 63 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 139 балл.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін арнайы жағдайлар жасалған, соның арқасында ҰБТ-ға 283 талапкер қатысты.
Талапкерлер тест тапсырмаларын орындағаннан кейін 30 минут ішінде апелляция беруге құқылы. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде де қабылданады. Апелляция қаралған соң, нәтижелері бар сертификаттар жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
Наурыздағы ҰБТ: Семейлік оқушы Ерасыл Сайлауов 140 балл жинады
Үшінші аптада 179 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 97 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 82 адам тест кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережені бұзу фактілері анықталса, ҰБТ нәтижелері жойылады.
Наурыздағы ҰБТ: 117 талапкердің нәтижесі жойылды
Естеріңізге сала кетейік, тестілеуге қатысуға шамамен 184 мың өтініш түскен.