Қостанай облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Bolashak Construction Company KZ» ЖШС басшысына қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті 2022-2024 жылдар аралығында қажетті рұқсат құжаттарынсыз «Семья» тұрғын үй кешенінің үлестік құрылысына қаражат тартуды ұйымдастырған. Ол азаматтармен пәтерлер мен коммерциялық нысандарды алдын ала сатып алу-сату шарттарын жасасып, жоба заңды болып көрінуі үшін әлеуметтік желілерде жарнама жүргізіп, Қостанай қаласынан кеңсе жалға алған.
Осы заңсыз әрекеттердің нәтижесінде тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысына 28 жеке және 1 заңды тұлғадан жалпы сомасы 162 миллион теңгеден астам қаражат тартылған. Алайда күдікті бұл қаражатты нысанды белгіленген мерзімде аяқтамай, өз мақсатына пайдаланған. Қазіргі таңда үшінші кезектің құрылысы аяқталмаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат: Қазақстан тәжірибесі Францияда таныстырылды
Сот санкциясымен күдіктінің мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында Hyundai Santa Fe автокөлігі, үш бөлмелі пәтер және жертөледегі коммерциялық үй-жайлар бар. Сондай-ақ оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс сот қарауына жолданды.
Жүргізуші куәлігін заңсыз алу: Еліміздің бірнеше өңірінде 60-тан астам жемқорлық фактісі әшкере болды
Агенттік азаматтарға құрылысқа рұқсат құжаттары мен кепілдіктері жоқ жобаларға қаржы салмауға, тексерілмеген компанияларға сенбеуге және инвестиция салмас бұрын жобаның заңдылығын мұқият тексеруге кеңес береді.