Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде домбыра кафедрасының оқытушысы, философия докторы (PhD) Айтолқын Тоқтағанның «Дина Нұрпейісова күйлерінің рухани әлемі» атты монографиясы таныстырылды. Алқалы жиынға күйші-зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Келелі кездесу Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликпен басталды. Автор Айтолқын Тоқтаған еңбектің мазмұны мен ғылыми жаңалығына қысқаша тоқталып өтті. Жиынға философия докторы Дархан Қожабай модераторлық етті. Қатысушылар монографияның ғылыми маңызын айтып, қазіргі күй өнерін зерттеудегі өзекті мәселелер төңірегінде ой-пікірлерін білдірді.
«Күй ана» қоғамдық қорының басшысы, Дина Нұрпейісованың шөбересі Төлеген Қуанышев монографияның тұлға тану мәселесі үшін аса құнды еңбек екенін атап өтті. Оның айтуынша, күйші Динаның өмірі мен шығармашылығын ашқан бұрын соңды академиялық ғылыми жүйелі кітап болған емес. «Дина Нұрпейісованың шығармашылық жолы» деген бірінші бөлімде күйшінің өмір жолы кезең-кезеңімен талданған. Нарынқұмдағы балалық шағы, шыққан тегі, бойжеткен кезеңі, Астрахан өңіріндегі өмірі, кейінгі Алматыдағы шығармашылық белестері, Жамбылмен кездесуі, өмірінің соңғы жылдары кеңінен қамтылған.
«Екінші бөлім – «Динаның орындаушылық шеберлігі». Бұл бөлімде күй өнерінің ішкі философиясы, орындаушылық ерекшелігі терең талданады. Автор Құрманғазы күйлерінің интерпретациясына тоқтала отырып, Динаның орындау мәнеріндегі импровизацияның басымдығын көрсетеді. Бұл бізге маңызды бір тұжырым береді: күй тек ноталық дәлдікпен шектелмейді, ол – мазмұнға сай туындайтын шығармашылық, импровизациялық үдеріс. Әрине, академиялық орындау қажет, бірақ тыңдаушының таным деңгейі мен рухани қабылдауына қарай күйдің еркін өрісі де сақталуға тиіс. Үшінші бөлім – «Дәстүр жалғастығы мен жаңашылдығы». Мұнда автор салыстырмалы талдау арқылы Дина мен басқа композиторлардың аттас күйлерін зерделейді. Мысалы, «Байжұма», «Бұлбұл», «Жігер», «Қосалқа», «Бозшолақ» және «Жаңа бозшолақ» күйлері арқылы дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы айқын көрсетілген», деді Т.Қуанышев.
Сонымен қатар еңбекте Динаның заманына сай тақырыптарға, яғни әйел бейнесі, соғыс кезеңі, мемлекеттік мерекелерге арналған күйлеріне де ерекше мән берілген. Бұл күй өнерінің тек эстетикалық емес, әлеуметтік-идеологиялық қызмет атқарғанын көрсетеді. Күйшінің орындаушылық және композиторлық шеберлігі музыкалық салыстырмалы талдау арқылы ашылған. Кітап домбырашы-орындаушы, музыка зерттеуші мамандарға, сол сияқты жалпы өнерсүйер қауымға арналған.