Көптен күткен көркем фильм ұлылар мекенінде көрерменімен қауышты
Жеңіс мерекесінен кейінгі апта қазақ киносының жеңісімен басталды. Қалың көрермен, киносүйер қауым көптен күткен «Құнанбай» көркем фильмі Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылы мен Семей қаласында салтанатты түрде тұсауын кесті. Алматыдан аталған фильмді түсірген режиссер әрі басты рөлде ойнаған актер Досхан Жолжақсынов бастаған бір топ өнер қайраткерлері Шыңғыстау бөктеріне арнайы келді. Естеріңізде болса, былтыр бас басылым бетінде «Құнанбай» фильмі түсіріле бастады» деп сүйінші сұрап жазған болатынбыз. Енді сүйіншімізден сүйінішіміз алға озды. Фильмді көпшілікпен бірге біз де тағатсыздана тостық. Ұлттық бояуға қанық «Біржан сал» фильмінің режиссерінен сүбелі дүние күткеніміз анық. Бізді редакция басшылығы Семей өңіріне әдейі іссапарға жіберіп, «Құнанбай» фильміне Құнанбай елінің пікірін жұртшылыққа алдымен жеткізуді тапсырған болатын.
Көркем туындыны көпшілікпен бірге тамашаладық. Тамашаладық та тамсандық. Өнер өлмеген екен. Шынайы шығармашылық биігінде екен. Картина шын мәнінде ұлттық туындыға айналыпты. Әлбетте, әлі Астана мен Алматыда премьерасы болар, еліміздің барлық өңірлерінде көрермен назарына ұсынылар фильм туралы кино мамандары, сыншылар пікірі айтыла жатар... Бірақ фильм желісіне арқау болған Шыңғыстау баурайындағы кешегі Құнанбай елінің, ұлылар мекеніндегі бүгінгі ел-жұрттың, Семейдегі бір қауым зиялылардың пікірінен жаңа туындының жалпы, халықтың көңілінен шыққанын, шығатынын аңдадық.
Картинадан қос шығармашылық одақтың – фильм режиссері Досхан Жолжақсынов пен сценарий авторы Таласбек Әсемқұловтың өзара үйлесімі, бір-бірінің ішкі иірімдерін түсінуі Ертіс пен Еділ қосылып аққандай тегеурінді күшке айналғанын байқадық. Құнанбай – күрделі тұлға. Заңғар биігіміз Мұхтар Әуезовтің заманында ықтиярсыз, керенау саясаттың ықпыл-жықпылынан алып өту үшін сомдаған қасаң да қатпарлы образы тұрғанда, оның күрескерлік болмыс-бітімін шынайы ашуға біршама ізденіс, шеберлік қажет. Фильмдегі сәтті режиссерлік шешімдер сол еңбектің нәтижесі іспетті. Ілкіде Т.Әсемқұловтың otuken.kz сайтында жарияланған «Құнанбай» кинохикаятының үзіндісімен танысқан болатынбыз. Кинокартина – жібін сабақтаған сценарийден алшақ емес. Басты ерекшелік – құнарлы тіл. Қисынын тапқан сөз туындының өне бойында көп, орынсыз шашып-төгіліп қолданғаны жоқ. Екіншіден, дәстүр. Бұл тұрғыда «Құнанбайды» этнографиялық фильм деуге де болады. Өскенбайға берілген астағы жоқтау, аруақ разылығын айтып, қаралы туды отқа тастау, ән мен би, бәйге, күрес, жыр қазақтың тұнығы шайқалмаған тұрмысынан көрініс береді. Тіпті, әйелдің омырауын жалаңаштап ортаға шығып, бұйданы шешіп, жабулы түйені жетектеп кетуі де қайран қалдырарлық ұмытылған дәстүрдің бірі. Зере әженің бала Абайды Жанақ ақынның жырын тыңдауға шақыртуы тектілік тәрбиесінің бір ұшқыны іспетті. Картинаның көп бөлігі Қодар мен Қамқа оқиғасына құрылған. Осы арқылы аға сұлтанның әділдігі, шешім қабылдаудағы жан күйзелісі, сондай-ақ, Түсіп сияқты образдар арқылы дүниеқоңыздылық жайы өріледі. Құнанбайдың Қоңырәулие үңгіріндегі көлге шомылып, санасын сарсылтқан, бойын дендеген ой сырқатынан арылуы ұтымды шыққан. Әрине, тізбелесек, Құнанбай мен Барақтың шарпысуы мен бақталастығы да, патша ұлықтарына жақпай итжеккенге айдалып бара жатқан Құнанбайға Барақтың ара түсуі – тар жерде табысатын даланың дара тұлғаларының қайталанбас қасиеттерін сипаттайтын жан тебірентерлік эпизодтар. Құнанбайдың Кенесары ханмен арадағы байланысына да бұл туынды біршама сәуле түсіргендей. Бірі патша ұлығы, бірі оған қарсы қол жинап күресуші болса да, екі тұлғаның бір мүдде – қазақтың азаттығы жолында тоқайласқанына көзіңіз жете түседі. Рифқат Ибрагимовтың жетекшілігімен жасалған операторлық жұмыс уақыттың доңғалағын кері айналдырады. Әсіресе, даланың апшысын қуыра шапқан жылқы тұяғының дүсірі, қазақ ауылдарының жарасымды сән-салтанаты жүрекке рухпен бірге шуақ құяды. Шешілмес дауда самайдан аққан ащы тердің саптама етікке тамған тамшысы да оператордың шиеленісті көрсете білген нәтижелі жұмысы. Тұсаукесер сәтінде фильм режиссері әрі басты рөлде ойнаған Досхан Жолжақсыновпен әңгімелескен едік. Досағаның айтуынша, кез келген киноны алаңсыз, ешкімнің көмегіне бас ұрмай түсіру үшін толыққанды қаржы болуы керек. Қажетті қаржы болмағаннан кейін үнемдеуге тура келеді. Бұл ретте фильм режиссері Абай жеріндегі түсірілім жұмыстары кезінде бұрынғы Шығыс Қазақстан облысының әкімі, қазіргі Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтарлықтай қолдау көрсеткенін, азаматтық көрсеткен басшының қазақы көңілі мен пайымына, өнерге деген талғам-таразысына ризашылығын жеткізді. Нәтижесінде, былтыр Абай ауданына келген түсіру тобы еш қиындықсыз іске кірісіп, өз жұмыстарын бастап кеткен болатын. Қарашоқыда 500-ге тарта киіз үй тігілді. Тіпті, қара дауыл соғып, 200-ге жуық киіз үйді жел көтеріп кеткен кездер де болған екен. Ырымшыл халық емеспіз бе?! Түсіру тобы жұмысты бастамас бұрын Құнанбайдың басына барып, ас береді. Абай ауданының орталығында Құнекеңнің аруағына арнап бәйге өткізеді. Тарихи кинода киім түрі, көпшілік қатысатын сахналары көп болса да, «Құнанбай» 1 ай 18 күнде түсірілді. Фильм экранда 1 сағат 40 минутқа жуық уақыт жүреді. Режиссер мұның ұйымдастыру жұмыстарының жемісі екенін айтты. Өйткені, актерлер құрамы алдын ала пысықталып, дайындалды. Кинотуындыға 3 млн. АҚШ долларынан астам қаражат жұмсалды. «Кино дегеніміз – сурет. Киноның өрісі, тереңдігі өмірге жақындығымен өлшенбейді. Дей тұрғанмен, оның кезеңін күтетін, дәл тақырыбын таңдайтын кезі болады. Осы тұрғыдан қазақтың біртуар азаматы, марқұм Таласбек Әсемқұлов екеуміз «Біржан салдан» кейін қай тақырыпқа барсақ екен деп көп ойландық. Жанымызға жақыны қазақтың тарихы екені хақ. Ойлана келе Құнекеңе тоқтадық. Әрине, «Құнанбайға» бірден бет бұру қиын. Өйткені, алдымызда жартастай болып ұлы Мұхаң тұр. Мұхтар Әуезов сомдаған Құнанбайдан кинодағы Құнанбайды бөліп алып, көрсету оңай емес. Сондықтан Құнанбайдың пендеуи жағын таңдадық. Мейлінше қарапайым, көзіне жас ала білетін, ойланатын, қамығатын, зекитін, ұрсатын, шешім қабылдайтын, кейде тоқырап қалатын кездерін көрсеткіміз келді. Бұл тақырыпқа бес жылға жуық дайындалдық. Біраз дүниені ақтардық. Сүбелі үлес – марқұм Таласбек бауырымдікі. Тарихты Таласбектей зерделейтін, қағазға түсіре білетін қаламгер бізде көп емес. Байқасаңыз, бұл кинода өз заманының сөз саптауы бар. Адами тебіреністерінен бөлек бетке алғанымыз – Құнекеңнің өз заманындағы мемлекетшіл, жаңашыл, кемеңгер тұлға екендігі. Кемеңгердің артында халық тұрады. Ол сол елге заң низамымен береке-бірлік орнатқысы келеді. Қодар мен Қамқа оқиғасы – ұлттың ары мен намысын сақтау жолындағы шешім. Бұл – ұлы шаруа. Ол заманында осындай дүниелерді арқалап өтті. Құнанбайды қарадан шығып хан болған дейміз. Бұл – адамның тұлғалығында. Ырғызбайдан тарағандардың бәрі дараланып, кебенек ішінен танылып, Құнанбай да алға шықты, мінезімен, алғырлығымен озық болды. Құнанбайдай шариғатты білген, зердесі мықты, орыстың бүкіл қарар-жарлықтарын жатқа білген адам кемде-кем. Поляк жиһанкезі Адольф Янушкевич Құнанбайға жол бойы күн, сағат суытпай, жасы, орта буыны, кәрісі бар ағылған халықтың өз мұқтажымен келетінін, олардың бәрін риза қылып, басынан сипағандай шығарып салатынын жазады. Біреулер Құнекеңді батыр тұлғалы, бойы биік адам деп жатқанын естідім. Құнанбай делініп жүрген суреттерге қарасақ аса бойлы емес сияқты. Ал Төкен Ибрагимов ағамыз Құнекеңнің суреті болмағанын айтады. Сондықтан кейіпкерді ойнаған актерға антропологиялық сыртқы пішінге қарағанда, актердің ішкі тегеурінді механизмі керек», – деді Досхан Жолжақсынов. Ал «Қазақфильм» АҚ бас редакторы Дидар Амантай соңғы кезде Қазақстан прокатында ғана емес, халықаралық прокатта жанрлық фильмдер үстем алып бара жатқанын, бұл фильм керісінше қазақтың ХІХ ғасырда қалған қамырыққа, жанталасқа толы тыныс-тіршілігін бейнелейтінін атап өтті. «Бұл фильм ел тізгінін ұстаған Құнанбайдың аласапыран өмірін береді. Аттан түспеген Құнанбай қандай шаруаны шешсе де қазақтың мұратын ойлаған адам ретінде көрсетіледі. Тарихи шындық та осы. Бұл фильмді сағынышқа құрылған реквием деп айтар едім. Өйткені, мұнда ел үшін жан алысып, жан беріскен Құнанбайдың даланы қалай билеу жолын іздеген өмірі бейнеленеді. Оның ішінде орыстың низамын, даланың тәртібін, шариғаттың жолын, яғни үштағанды қатар ұстаған Құнанбайдың қандай шешімге келсе де билер кеңесімен ақылдаса шешіп, әр істі жаны ауырып, балтыры сыздап қабылдағанын көреміз. Сол замандағы оқиғалардың біразы тізбектеліп өтеді. Оның біразы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында жазылды. Досхан ағамыз оны кино тілімен жаңа тұрғыда, жаңа формада және жаңа көзқараспен бере білді. Бұл фильмдегі Құнанбай біз оқып, естіп өскен Құнанбайдан басқа. Мұнда озбыр, феодал емес, ел үшін күрескен тұлғаның образы ашылады. Қазақтың құнарлы тілі, мол лексикалық сөздік қоры төгіліп тұр. Билердің сөз саптауы, Құнанбайдың қайғы-қамырықтан шыққан ойы бай тілімізбен кестеленіп отырады. Фильмнің әр сөзі қазақтың қанатты, парасатты сөзіне айналатынына сенемін. Сонымен қатар, қазақтың «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» ұлы мақалын, дала тәртібін көрсететін көріністер бар. Бұл көркем дүние болғандықтан одан деректі шындықты емес, көркем шындықты іздеуіміз керек. Бірақ фильм тарихтан тым алыстаған жоқ. «Абай жолында» жүретін оқиғалар, Құнанбай мен Абай туралы деректер мен шежірелер фабула болып қаланды. Кейбір эмоцияны күшейту, көрерменге әсер ете отырып, діттеген ойды жеткізу мақсатындағы шығармашылықтан туған көріністер бар. Бұл айыпқа бұйырмайтын, қажет сценалар. Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев негізін салған қазаққа қызмет ету дәстүрін Досхан Жолжақсынов ағамыз өз режиссерлігімен одан әрі жалғастырып келеді. Бүгінде қазақтың рухани кеңістігіне, табиғатына үстірт қарайтын, көңіл бөлмейтін кинолар көбейіп барады. Осылардың ішінде «Біржан сал» мен «Құнанбай» фильмдерінің орны ерекше. Соңғы кезде «Қазақфильм» киностудиясы «Елбасы жолы» атты киноэпопея жасауда. Сондықтан бұл туындыны да Елбасының «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасы аясында жасалған фильм деуіміз керек», – деді Д.Амантай.
******************Көрермендер көзімен******************
Манатай БАЛТАҚАЙҰЛЫ, Құнанбайдың туысы, Өскенбайдың тікелей ұрпағы:
– Бұрын Құнанбай бабамызды үстем тап өкілі, қиянатшыл, зорлықшыл деп санамызға сіңірді. Біз де солай ұғып келдік. Қарапайым халық Абайдың әкесі ретінде ғана танып, бағалап жүрді. Шын мәнінде Құнанбайдың кім екендігіне заманында ұлт зиялылары бағасын беріп кеткен. Бұл кино бабамыздың қандай тұлға екендігін халыққа көрсетіп, қазақ тарихындағы алар лайықты орнын белгілеуге үлес қосады деген ойдамын. Өте жақсы әсер алдық. Әрине, кино барлық оқиғаны қамти алмайды. Бірақ автор негізгісін алып, өзінің ойымен Құнанбай бабамыздың кейпін сомдай білді.
Бекен ИМАХАНОВ, Қазақстанның халық әртісі, актер:
– Алған әсерім өте жоғары. «Қазақфильмнің» кейінгі өнімдерінің ішіндегі шоқтығы биік фильм деуге болады. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында тұсауы кесілген тамаша шығарма. Бұл – Құнанбайдың заманы. Сол уақыттың қызығы мен қуанышы қатар қамтылған. Абайға дейінгі заманды, қазақтың ішінде болып жатқан талас-тартысты өте қанық, тартымды суреттеген. Көңіл толқытар тұстары жетерлік. Көзімізге жас алған сәттеріміз болды. Құнанбай заманын бүгінгі ұрпаққа жеткізуімен де құнды.
Амантай ИСИН, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы:
– «Құнанбай» – қазіргі заманға сай туынды. Мұнда режиссер, актерлердің жұмысымен бірге операторлардың еңбегін бағалау қажет. Барлығы бірігіп киноны өз деңгейінде жасап шықты. Бастысы, заманның бейнесі бар. Сондай-ақ, шұрайлы тілі ұнады. Бұл елімізде би туралы түсірілген тұңғыш фильм. Билердің шешендігі, сөз тапқыштығы нанымды шыққан. Музыкамен де сәтті көркемделген екен. Қазақ кино өнеріне қосылған олжа деп есептеймін.
*************************************************************************
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».
СЕМЕЙ. Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС.