• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 08:40

Ақысыз қызмет көрсететін дәрігерлер

10 рет
көрсетілді

«Aq niet» атты ерікті дәрігерлер бірлестігін құрған оралдық бір топ жас маман Батыс Қазақстан облысының алыс ауылдарына барып, өз еріктерімен тұрғындарға тегін диагностикалық қызмет көрсетіп, ақыл-кеңес беріп жүр.

Осындай таңғаларлық жаңа­лықты естіп, ақжелеңді абзал жандармен танысуға асықтық. Бүгінде қатары 12-ге жеткен топ мүшелерінің бәрі де Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина универ­ситетін бітірген өндірдей жас жігіттер екен.

– Бәріміз осы өңірдің тумасымыз. Әртүрлі мамандықта қатарлас оқыдық. Кейінгі 4–5 жылда еңбекке араласып, түрлі мекемеде қызмет етіп жүрміз. Өзара кездесіп тұратынбыз. Был­тыр қыркүйек айында «жала­қы алып жасап жүрген қызме­тімізден бөлек, халыққа бір пайдамызды тигізсек қайтеді?» деген ой туды. Сөйтіп, бірден іске кірістік. Ол үшін ешкімнен көмек, демеушілік сұраған да жоқпыз. Мақ­сатымыз алыс ауылға, шалғай түкпірге барып, бір күн тегін дә­­­­­рігерлік-диагностикалық қыз­­­­мет көрсету, сапалы маман кеңе­­сін беру болды. Ең әуелі өз кө­лігімізбен Теректі ауданына қа­рас­ты Аңқаты ауылына тартып кеттік, – дейді Орал қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханада қызмет ететін маман Еркебұлан Мағзомов.

Жігіттер бұл бастамаларының заңға сәйкес болуын да ойластырыпты. Қоғамдық бірлестік секілді ұйым құру керек шығар деп, әуелі тіркеу орындарына барған. Олар денсаулық сақтау басқармасына жолдапты. «Мынау жақсы идея екен, бізден қарсылық жоқ, бірақ алдымен Медициналық және фармацевтикалық бақы­лау комитетінің облыстық де­партаментінің алдынан өтің­дер» дейді басқармадағылар. Бұ­рын мұндайды көрмеген департамент не айтарын білмеген.

«Біз ешкімді емдемейміз, ем-дом шарасын жүргізбей­міз. Мақсатымыз – алыс ауылда тұратын, қалаға, кәсіби білік­ті мамандарға қаралуға мүм­кін­дігі бола бермейтін жандар­ға жолығып, консультативті диагностикалық бағытта жәр­дем бергіміз келеді. Оған бір тиын да ақы алмаймыз. Шын жүрегімізден шыққан шынайы ниетіміз – халыққа пайдамызды тигізу», деп сендірген жас жігіттер нар тәуекел деп іске кірісіпті.

Алғашқы сапар Аңқаты ауы­лынан басталды дедік қой. Ақ ниетпен келген дәрігерлерді ауыл халқы құшақ жая қарсы алды. Ауылдағы амбулатория есігін айқара ашып, барынша қолдау көрсеткен. 60-қа жуық ауыл тұрғыны келіп қаралып, кәсіби кеңес алып үлгерген.

– Жалпы, осындай идеяны Алматы қаласында тәжірибе же­тілдіріп жүрген кезімде көрген едім. Өзімнің мамандығым – нейрохирург, ұстазым Мыңжылқы Сайлауұлының қарауында қызмет еттім. Сол кездері алматылық дәрігерлер, арасында «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып қайтқан мықты мамандар да бар, алыс ауылдарға барып, ағартушылық дәрістер өткізеді екен. Олардың осы ісі ауыл адамдарына, әсіресе оқушыларға ерекше қуаныш, мотивация сыйлайтынын көріп, қызықтым, – дейді Досхан Талғатұлы әңгімеге араласып.

Бастама қолға алынғалы бері дәрігер жігіттер Батыс Қазақстан облысының шалғай жатқан 4 ауы­лына – Теректі ауданындағы Аңқаты мен Шағатай, Ақжайық ауданындағы Есенсай мен Қа­рауылтөбе ауылдарына барып үлгерді. Бұл ауылдардың бәрі де Жайықтың сол жағында жатқан, облыс орталығынан алыс, томаға-тұйық елді мекендер.

– Ауылымызға кілең жас­­­­­­тар­­дан құралған медици­на­лық топ кел­генде ерекше қуан­дық. Жас болса да әрқайсысы өз сала­сының мықты маманы екен. Амбулатория ғимаратында нау­қастарды өте жақсы қабылдап, ауруды емдеу, алдын алу, сақта­ну жолдарын жете түсіндіріп берді. Жергілікті тұрғындардың алғысында шек жоқ, – дейді Шағатай ауылының әкімі Рүстем Мүтиев.

– Ауыл тұрғындары дәрі­герге дер кезінде қарала бер­мей­ді. Ауруханаға көбіне өте ауыр жағдайда түсіп жатады. Сондықтан біз халықпен кездескенде әңгімемізді ағарту дә­ріс­терінен бастаймыз. Мысалы, қазір жиі кездесетін қан тамырлары аурулары күнделікті майлы тамақ жеуден басталады. Жүйелі түрде дене шынықтырудың пайдасын білсе де қолға алмайтындар көп. Біздің Досхан Талғатұлы көбіне инсультпен айналысатын болған соң, қан тамырлары аурулары туралы шағын, бірақ әсерлі әңгімесін көрнекі құралдармен көрсетіп айтып береді. Терапевт Әділбек артериалды гипертензияның шығу себептерін көрсетеді, – дейді Тұрар Маратұлы. Тұрардың өзі де облыстық кардиология ор­талығында қызмет еткен соң, жү­рек-қан тамырлары ауру­лары­ның сырын жақсы біледі.

Осы кезге дейін 4 ауылға барған ақ ниетті дәрігерлер 200-ге жуық науқасқа диагностикалық, ақпараттық көмек көрсетіпті. Соның ішінде халықтың ең жиі жүгінген маманы – кардиолог пен терапевт. Әсіресе жүрек-қан тамырлары ауруы ауылда басым екені байқалған. Сондай-ақ эндокринология, қант диабеті, урология, лор бағытындағы мамандарға да мұқтаждық бар.

«Біз ауылдарға бұдан да жиі шығар едік. Бірақ бәріміз бір уақытта жұмыстан босай қоюы­мыз қиын», дейді Ерке­бұлан. Оның үстіне көкөзек кезеңде алыс сапарға шығу да оңай емес. Ешқайдан демеуші күтпей, тек өз күшіне сенген, жолға да өз кө­лігімен шығатын дәрігер жігіт­тердің болашақ жос­пары көп.

«Aq Niet» атты ерікті ұйымға көңіл қалауымен қосылған, қым-қуыт тірлігі арасынан уақыт та­уып, халықтың алғысын алып жүр­ген жастарды жеке-жеке таныс­тырып кетейік. Олар: терапевт Әділбек Ғалымжанов (Uniserv клиникасы), нейрохирург Досхан Құжат (Орал қалалық көпсалалы ауруханасы), уролог-андролог Еркебұлан Мағзомов (облыстық көпбейінді аурухана), кардиолог Тұрар Мұратов (облыстық кардиология орталығы), кардиолог Әділхан Құрмалаев (облыстық кардиология орталығы), хирург Манас Амангелдиев, (облыстық көпбейінді аурухана), невропатолог Манас Тәджинов (көпсалалы қалалық аурухана), психиатр-нарколог Нұрбек Хәлелов (облыстық психиатрлық орталық), хирург Таубай Байжекенов (қалалық көпбейінді аурухана), эндокринолог Мерей Қабдоллин (№1 қалалық емхана), терапевт Қанат Жарықбасов (Uniserv клиникасы), лор-дәрігер Диас Камкиев (облыстық көпбейінді аурухана).

Жоғарыда аталған жігіттердің жасы да шамалас. Он шақты жылдан, студенттік кезден бері бірін-бірі жақсы таниды. Көбі шаңырақ көтерген, бір-бірімен отбасы болып араласып тұрады. Табысы шашетектен, уақыты көл-көсір болмаса да ізгі бастамаға, сауапты іске бір кісідей жұмыла кіріскен жас дәрігерлердің бұл қадамы шынымен де аса құп­тарлық, жүрекке жылу сыйлайтын іс. Міне, бұйырса жаз шығып келеді. «Aq Niet» ерікті дәрігерлер тобының ізгі ісі туралы естіп, оларды шақырып жат­қан ауылдар да бар екен. «Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш, емеспін жемісі көп тамаша ағаш. Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі – пайдалан шаруаңа жараса, Алаш! – деп өткен Алаш арыстарының ізіне түскен азамат­тарға ақ жол тілейміз.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар