• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:58

Жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылады

20 рет
көрсетілді

Елімізде жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылады. Осы уақытқа дейін 10 мыңнан астам жас маман баспанамен қамтылған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Тұрғын үй мәселесі – жас отбасылар мен мамандар үшін ең маңызды мәселенің бірі. Сондықтан бүгін мен жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы туралы айтып өткім келеді. Бұл бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Оның нақты мақсаты – белгілі бір мерзімге жас мамандарға қолжетімді баспана беру, сондай-ақ өз үйін сатып алу үшін бастапқы жарнаға қаражат жинауына ықпал ету. Ай сайынғы жалдау ақысы өте қолжетімді – 5000 теңге мен 15 000 теңге аралығында болды. Бағдарлама 10 мыңнан астам жас қазақстандықты қамтыды. Бағдарлама шарттары бастапқыда келісімшарт арқылы бекітіліп, кезеңдер бойынша параметрлер нақтыланды», деп жазды А.Балаева. Соның ішінде тұрғын үй беру мерзімі өзгерді. Бұл ретте негізгі қағидат өзгеріссіз қалды: яғни, тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілді. «Бұл ретте кейбір азаматтардың пәтерді өздерінде қалдыруға ниет білдіргенін жақсы түсінеміз. Алайда мемлекеттік шешімдер Заңға және барлығына бірдей ережелерге негізделуі керек. Егер келісімшартта, ережелерде сатып алу қарастырылмаған болса, онда оны өзгерту – басқа азаматтар мен қатысушылар үшін әділетсіздік болар еді. Ең маңыздысы, мемлекет жастарға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Қосымша жаңа, тұрақты бағдарламалар ұсынылды.   Мәселен, «Отбасы банкімен» бірлесіп 17 өңірде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылды. Соның аясында 12 мыңға жуық жас маман жаңа пәтерге ие болды. Оның 1,6 мыңнан астамы жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының қатысушылары», деп нақтылады министр.  Сондай-ақ жас азаматтар «Отау» және «Наурыз», «Наурыз Жұмыскер» республикалық бағдарламалары арқылы баспаналы болды. Бүгінгі таңда барлық мақұлданған өтінімдердің 62%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі. «2026 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне қол қойылды. Оған қоса заңнамаға, соның ішінде жастар саясаты бойынша жекелеген тетіктерді реттеуге байланысты нормаларға өзгерістер енгізілді.   Соған сәйкес, 2026 жылғы 27 наурыздағы № 136-НҚ бұйрық негізінде «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бірқатар бұйрықтардың күші жойылып, жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылады. Босатылатын тұрғын үй қорын одан әрі пайдалану мәселесі тұрғын үй заңнамасына және белгіленген кезекке сәйкес шешілетін болады, бұл жергілікті атқарушы құрылымдардың құзыретінде», деп түсіндірді ол.  Қазіргі жалға алушыларға келетін болсақ: жалдау мерзімі аяқталғандар шарт талаптары мен бекітілген тәртіп шеңберінде әрекет етуі керек. Жалдау мерзімі кейін аяқталатындар келісімшарт аяқталғанға дейін пәтерде тұра алады.   Министр барлық сұрақтар бойынша әкімдіктер мен «Отбасы банктен» кеңес алуға болатынын айтып өтті. Мәселені кейінге қалдырмай, ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін алдын ала бағалау маңызды.
Соңғы жаңалықтар