Дәрігерлер созылмалы асқазан-ішек ауруларына шалдыққандардың саны күрт көбейіп бара жатқанына байланысты дабыл қақты. Мамандардың айтуынша, елімізде соңғы 5 жылда балалар мен жасөспірімдердің асқазан-ішек ауруларына шалдығуы үш есеге артқан, деп жазады Egemen.kz.
Шымкентте өткен «Асқазан-ішек патологиясы бар күрделі науқастар: мамандықтар тоғысындағы шешімдер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында мамандар семіздік ересектерге ғана тән емес, жасөспірімдерде де қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанын мәлім етті. Гастрит пен панкреатит, әсіресе, жастарда жиі кездеседі. Ал асқазандағы ауырлық сезім мен іштің кебуі – миллиондаған адамдар үшін әдеттегі жағдай. Аурушаңдықтың басты себептерінің бірі – дұрыс тамақтанбау. Яғни, «ауру – астан» екенін дертке диагноз қоя алмайтын заманда-ақ айтып қойған бабалардың ұрпағы бүгінде фастфуд пен газдалған сусындарға шамадан тыс құмартып, қорек етіп жүр. Мұның соңы семіздік пен қант диабеті, атеросклероз, бауыр проблемалары, жүрек-тамыр ауруларының асқынуына және эндокриндік проблемаларға әкеліп соғады. Дұрыс тамақтанбаудың салдарынан қатерлі ісікке шалдығу да жиілеп барады.
Ғалымдар онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған қоспа әзірлеп жатыр
«Еліміздің оңтүстігінде асқазан-ішек жолдары ауруларының патологиясы бар науқастардың саны көп. Еліміздің білікті дәрігерлерін Шымкентке шақыртып, аталған тақырыпта республикалық конференция өткізуіміздің басты себебі де осы. Бұл басқосуда кәсіби мамандардың өзекті тақырыптарда баяндамалары тыңдалды. Бұл іс-шараны Алматы мен Астана қаласының жетекші мамандары, гастроэнтерология саласындағы сарапшылар өңіріміздің дәрігерлеріне, еліміздің басқа қалаларынан келген әріптестеріне пайдалы ақпараттар ұсынып, тәжірибе алмасуы үшін арнайы ұйымдастырдық», дейді GastroMed гастроэнтерология клиникасының директоры Ләззат Сыздықова.
GastroMed гастроэнтерология клиникасы Қазақстан гастроэнтерологтарының Альянсы және Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясымен бірлесіп ұйымдастырған гастроэнтерологиялық конференцияға еліміздің 150-ден астам үздік маманы қатысты. Олар денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселеге айналған созылмалы асқазан-ішек ауруларының себептерін талқылап, алдын алу мақсатында тәжірибе алмасты.
Аурудың алдын алудың маңызы зор