Алматыда белгілі әнші, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Сиқымбаеваның жалғыз ұлы Баир Сиқымбаевтың мәйіті табылды. Бұған дейін ол 24 наурыз күні үйінен шығып, қайта оралмаған еді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Марқұмның денесі табылғаны туралы журналист Жазира Бегалы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Әнші Гүлнар Сиқымбаеваның ұлы табылды. Өлім себебі әзірге белгісіз. Жақындары оның 24 наурызда үйден шығып, із-түссіз кеткенін айтқан еді. Жаны жаннатта болсын», деп жазды ол.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпаратты растады. Ведомствоның мәліметінше, ер адамның денесі Бостандық ауданынан табылған, сыртқы зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салайық, Баир Сиқымбаевты Алматыда бір аптадан астам уақыт бойы іздестіру жұмыстары жүргізілген. «Lider.kz» еріктілер қозғалысының мәліметінше, ол биылғы 24 наурыз күні сағат 13:20 шамасында Коперник көшесі, 114 мекенжайындағы үйінен шығып кеткен. Содан бері байланысқа шықпаған.
Баир Сиқымбаевтың бойы шамамен 180-185 см, арық денелі, қысқа қара шашты, қоңыр көзді болған. Жоғалған күні үстінде қара түсті спорттық киім болғаны хабарланған.
Баир Сиқымбаев – 2024 жылғы 5 қазанда өмірден өткен белгілі әнші Гүлнәр Сиқымбаеваның жалғыз ұлы.