Кейінгі бес жылда ел азаматтарына зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржыны өз қажетіне жұмсауға мүмкіндік берілді. 2021 жылғы ақпаннан бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 5,7 трлн теңге мерзімінен бұрын шешіп алынған. Алайда бұл қадам тұрғын үй бағасының қымбаттауына, инфляцияның үдеуіне әсер етті. Бастапқыда «артықшылық» ретінде ұсынылған мүмкіндікке халықтың небәрі 10–20 пайызы ғана қол жеткізсе, баспана бағасының өсуі көпшілікке ортақ салмақ салды.
Сол себепті Ұлттық банк зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға қойылатын ең төменгі жеткіліктілік шегін қайта қарастырып жатыр. Бұл қадам тәуекелді азайтып, жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтуы қажет. Қазіргі шектер азаматтың қартайған шақта жеткілікті қаражатпен қамтылуына толық кепіл бола бермейді. Соның салдарынан зейнет жасында негізгі қажеттіліктерін өтеу қиындап, тұрмыс деңгейі төмендеуі мүмкін. Осыған байланысты шекті есептеу тәсілін жетілдіру қажеттігі туындап отыр.
Қазір бұл мәселе Үкімет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ұлттық банк, БЗЖҚ, өзге де мүдделі құрылымдардың қатысуымен талқыланып жатыр. Халықтың ортадағы делдалдарға «комиссия төлеп», ақшасының артық бөлігін алып алуға тырысқаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Оның салдары бүкіл жүйеге кері әсер етті. Экономист Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, әу баста жеткіліктілік шегі өте жоғары болды. Кейінгі төмендетілген мөлшерді салымшылардың шамамен 7–8% пайызы ғана пайдаланды.
«Бастапқыда тұрғын үй проблемаларын шешуге ғана бағытталуға тиіс деп болжанған еді. Кейін реформа барысында тізім әлдебір топтардың араласуымен «әртараптандырылды». Оның кері әсерін енді сезіп жатырмыз. Сондықтан қордағы кейін қосылған қосымша «мүмкіндіктердің» біразынан арылу керек. Шешім дер кезінде қабылданбаса, зейнетақы қоры қолма-қол ақшаға айналдыру тәсіліне айналады. Бізге реформаны соңына дейін жеткізуден өзге жол жоқ. БЖЗҚ азаматтарды зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын әлеуметтік институт ретінде жұмыс істеуге тиіс», дейді сарапшы.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мекемелер «жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын» (ЖМЗЖ) төлеуге тиіс. Нақтылап өтсек, ЖМЗЖ 1975 жылдан кейін туған азаматтар үшін ғана енгізілді. 2040 жылға қарай орташа төлем 2024 жылдың бағасымен алғанда 8–10 мың теңгені ғана құрамақ. Себебі кез келген мемлекет зейнетақы төлемдеріне кететін шығындар мен бюджет кірістері арасындағы тепе-теңдікті сақтауы керек. Егер сақталмаса, зейнетақыны қысқарту, зейнет жасын көтеру мәселесі тағы да алдымыздан шығады. Мұның да әлеуметтік-саяси астары басым.
Бұған дейін Ұлттық банктің экс-төрағасы Григорий Марченко БЖЗҚ-дан қаржы алу шарттарын қатаңдатуды, атап айтқанда, жеткіліктілік шегін 30 млн теңгеге дейін көтеруді ұсынған еді. Оның айтуынша, 2040 жылдардың басынан азаматтарға ынтымақты зейнетақы тағайындау тоқтатылады. Бұл ретте бюджеттен төленетін базалық зейнетақының ағымдағы өсу параметрлері зейнеткерлердің болашақта бақуатты өмір сүруін қамтамасыз етпейді. Базалық зейнетақы болжамды инфляцияға индекстелген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты.
«Halyk Finance» басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың айтуынша, зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын пайдалану тұрғындарды қартайғанда өмір сүруін қамтамасыз ете алмайтын зейнетақымен қалдыруы мүмкін. Әрі бұл жылжымайтын мүлікті сатып алуға белгіленетін баға деңгейіне теріс әсер етеді. Мысалы, 2025 жылы БЖЗҚ-дан шешіп алынған қаржының басым бөлігі тұрғын үй сатып алуға жұмсалды. 2025 жылдың қорытындысында елімізде бастапқы тұрғын үй нарығындағы баға 15,7%-ға өсті (Астанада – 17,4%, Алматыда – 19,8%). Қайталама нарықта жылжымайтын мүлік 14,6% (Астанада – 10,9%, Алматыда – 25,4%) қымбаттады. Тұрғын үй бағасының өсуі 2025 жылы инфляцияның негізгі драйверіне айналды.
Жалпы, болашақ зейнетақының мөлшері ресми еңбек өтіліне, жалақының деңгейіне, зейнетақы жарналарының тұрақтылығына, БЖЗҚ инвестициялық кірісіне, 1998 жылға дейінгі өтілінің болуына (ынтымақты бөлігі үшін) байланысты.
Қаржыгер Венера Жаналина БЖЗҚ-дан 40 жастағы азаматтың жеткілікті мөлшерден асатын 5 млн теңгені мерзімінен бұрын алуы болашақ зейнетақыны 4–7%-дық тармаққа азайтатынын ескертеді. Мұндай жағдайда салымшы ай сайын шамамен 40 мың теңге жоғалтады. Азаматтардың ұзақмерзімді кірістерін қорғау үшін жеткіліктілік шегін арттыру қажет. В.Жаналина қолданыстағы шектердің кірістің 40%-ын алмастыруға кепілдік бермейтінін, сондықтан оларды арттыру тұрақтылық үшін қажет екенін атап өтті.
Сарапшының айтуынша, консервативті нақты кірістілік 0,4% шамасында болса, зейнетақы айына шамамен 180–185 мың теңгені құрайды. Егер жылдық 2% деңгейіндегі тұрақты нақты кірістілікті болжайтын болсақ, онда қорытынды төлем айына 250 мың теңгеге жетуі мүмкін. Ал 40 жастағы ер адам БЖЗҚ-да жинақталған 11,72 млн теңгенің 5 млн теңгесін алып, шотта 6,72 млн теңге қалдырса, салымның инвестициялық кірістілігі 30–31%-дан 27%-ға дейін төмендейді. Ақшалай мәнде бұл болашақ зейнетақыны шамамен, 0,4% кірістілік кезінде нақты мәнде айына 20-25 мың теңгеге дейін, 40 жаста 5 млн теңгені мерзімінен бұрын алу болашақтағы кірістілік коэффициентін 4–7%-дық тармаққа азайтады. Демек БЖЗҚ-дағы өзгерістер қазіргі 40–45 жастағы азаматтардың алаңсыз қарттығын қамтасыз етуге бағытталып отыр.