Елордада белгілі тележурналист, қоғам қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған дәстүрлі бильярд турнирі өтті.
Іс-шараның шымылдығы ақын Еркебұлан Қайназардың Нұртілеу Иманғалиұлына арнаған жыр шашуымен ашылды. Жетісуда дүниеге келіп, жарты ғасырға жуық уақыт журналистика қазанында қайнап, «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Діңгек», «Қолтаңба» сынды хабарлар жүргізіп, «Бай-қуатты болайық!» деген қанатты сөзімен қазақ халқының жүрегінен орнын алған тұлғаның ерен еңбегін насихаттауға бағытталған бұл игі іс-шара осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр.
Елуге жуық тастаяқ шебері қатысқан бәсекеде бас жүлдені Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан иеленді. Екінші орын алаштанушы ғалым Қайрат Сақтың еншісіне бұйырса, үшінші орын қаламгер Боранбай Жарылқағанов қанжығасына байланды. Төртінші орынды белгілі фотожурналист Ербол Ерденбек жеңіп алды. Жалпы, үздік сегіздікке енген бильярдшылар Манап Көкенов, Әбдікерім Манапов, Амангелді Сейітхан, Бейсен Құранбек атындағы аталымдар бойынша марапатталды.
Нұртілеу Иманғалиұлының шәкірті Нұрділда Ораздың ұйытқы болуымен дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан турнирге «Tas Group» компаниясының құрылтайшысы Дулат Тастекей демеушілік етіп келеді. Биыл да сол дәстүр жалғасын тауып, жеңімпаздар мен үздік ойын көрсеткендерге қаржылай сыйлық табыс етілді.