АСТАНА. 27 наурыз. Мәскеудің «Спартак» командасының футболшылары клубтың тонаудан зардап шеккен 102 жастағы жанкүйері Отто Фишерге 500 мың рубль ақша тапсырды. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.
Көрсетілген көмек жөніндегі ақпар алдымен клубтың Twitter-дегі ресми аккантында пайда болды. Шабуылшы Вячеслав Кротов Жеңістің 70 жылдығына арналған телевизиялық хабарлардың бірін жазу кезінде «қызыл-ақ» жейделілердің ертеден бергі табынушысымен кездесіп, оған айтылған ақшаны тапсырды.
Бұдан бұрын «Спартактың» фан-клубында Фишерге көмек көрсету үшін ақша жиналатын есепшоттың ашылғаны хабарланған болатын. Команда өкілдері 4 сәуір күні «Кубанмен» өтетін ойынға сатылатын билеттен түсетін ақшаның да бір бөлігі қарт жанкүйерлерге берілетінін жеткізді.
Мәселе мынада. Наурыздың аяғына қарай Фишердің Челябі облысындағы Копейск қаласындағы үйі тоналып қалған еді. Әлеуметтік саланың маманы ретінде кірген жас жігіт үй иесі су әкеліп берем дегенше, үйдегі 730 мың ақшаны алып, жоқ болып кеткен.
Дамир Қожамқұл.
Мәнбе, сурет: Lenta.ru.