ТМД ЕЛДЕРІ ЖАС ЖУРНАЛИСТЕРІНЕ АРНАЛҒАН V ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕПКЕ БИЫЛ ҚАЗАҚСТАН ДА ҚАТЫСТЫ
Ақпараттық кеңістіктегі тәжірибелер мен ынтымақтастықты өзара жандандыру мақсатында, сонымен қатар, білім беру көкжиегіндегі әріптестікті жоғары сатыға көтеру арқылы білікті мамандар тәрбиелеу ісінде кәсібилікті тереңдету үшін жуырда Гуманитарлық ынтымақтастықтың мемлекетаралық қоры, Ресейдің “РИА Новости” халықаралық ақпарат агенттігі, Белоруссия Республикасының EcooM сараптама орталығының ұйымдастыруымен ТМД елдері жас журналистеріне арналған V халықаралық жазғы мектеп ашылды. Биыл аталмыш халықаралық мектеп өзінің 5 жылдығын атап өту үшін Беларусь еліне Әзірбайжан, Армения, Қазақстан, Молдова, Украина, Ресей елдерінің жас тілшілерін шақырды. Мұндай халықаралық жазғы мектеп 2006 жылы Тбилиси қаласында алғаш рет өткізілген болса, 2007 жылы Ереван қаласында жалғасын тапқан еді. 2008 жылы “Ақпараттық интеграция ақпараттық ксенофобияға қарсы” деген ұранмен Кишинев қаласында өткізілсе, 2009 жылы Украинада бас қосқан болатын.
Сонымен биылғы жазғы мектепке Қазақстанның атынан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің бір топ студенттері мен оқытушылары қатысып қайтты.
Іс-шараның салтанатты ашылуына Белоруссияның ақпарат министрінің орынбасары А. Слободчук, Гуманитарлық ынтымақтастықтың мемлекетаралық қоры атқарушы директорының орынбасары П. Гладков, “РИА Новостидің” ТМД және Балтық елдері редакциясының жетекшісі, белгілі тележурналист А. Касаев және тағы басқа БАҚ саласында мол тәжірибе жинақтаған мамандар қатысты.
Бұл жиынға біздің елімізден барған жас журналист-саясаткерлер егеменді еліміздің рәміздері, жуырда торқалы тойын өткізген елордамыз, Еуразия ұлттық университеті, ондағы дәріс беретін білікті ұстаздар жайлы баяндап, дайындаған слайд-шоу көріністерін көпшілік назарына ұсынды.
Жазғы мектеп аясында әр елдің студенттері көптеген мәдени, қоғамдық, спорттық шараларға қатысып қана қоймай, кәсіби шеберлік сыныптарға да белсенді араласты. Әлемдік деңгейде өздерінің дара журналистік қолтаңбасы бар белгілі журналистер жас тілшілерге кәсіби тәжірибелерінен дәріс оқып, нағыз журналист деген атқа қалайша лайық бола алатындықтары жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Бұл жиында жас журналистерге фоторепортаж, газет, бейнеролик дайындау тапсырмалары берілген болатын. Шараның соңғы күні барлық жұмыстарды саралап, талдап, бағалап шыққан қазылар алқасы олардың барлығының жұмыстарына оң баға берді.
Бір-бірімен аптаға жуық уақыт бойы аралас-құралас болған жас журналистер шара соңында бір-бірімен қимай қош айтысты. Елімізден барған барлық қатысушылар өздеріне берген тапсырмаларды ерекше ықыласпен, жоғарғы кәсіби сапамен орындағандары үшін түрлі дәрежедегі дипломдарға ие болды.
Гүлжазира ЕРТАСОВА, ЕҰУ-дің аға оқытушысы. Астана – Мәскеу – Минск – Астана.