Еліміздің басым бөлігінде мамыр айында күн жылы болады, алайда кей кезеңдерде ауа райы құбылып, жаздағыдай ыстық пен түнгі үсіктер қатар байқалуы мүмкін, деп жазады Egemen.kz.
«Қазгидромет» синоптиктері Қазақстан бойынша мамыр айына арналған кеңес сипатындағы ауа райы болжамын жариялады. Оған сәйкес, ел аумағының көп бөлігінде жылы ауа райы сақталып, жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады.
Айдың басында елдің басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз сипат алады – жаңбыр жауып, кей жерлерде нөсер, найзағай, бұршақ күтіледі, жел екпіні күшейіп, дауылға ұласуы ықтимал. Мамырдың алғашқы онкүндігінде (1-10 мамыр) батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде үсік жүруі мүмкін.
Алғашқы он күнде ауа температурасы өңірлер бойынша мынадай деңгейде құбылады:
– батыста түнде +2…+10 градус, топырақ бетінде +1…+20 градус, күндіз +12…+32 градус; – солтүстік пен солтүстік-шығыста түнде +3…+8 градус, топырақ бетінде +2…+15 градус, күндіз +13…+31 градус; – орталық пен шығыста түнде +3…+15 градус, күндіз +20…+33 градус; – оңтүстікте түнде +8…+20 градус, күндіз +18…+33 градус.
Болжамдар нақтылана түспек: «Қазгидромет» суперкомпьютерді пайдалана бастады
Мамырдың екінші және үшінші онкүндіктерінде батыс, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық аймақтарда ең ыстық күндері ауа температурасы +33…+41 градусқа дейін көтеріледі, ал елдің қиыр оңтүстігінде +44 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Салқындау күндері түнгі температура +3…+10 градус шамасында болса, күндіз +18…+25 градус аралығында болады.
Солтүстік пен шығыс өңірлерде түнгі ауа температурасы +2…+9 градус аралығында құбылып, кей жерлерде топырақ бетінде +1…+18 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. Күндізгі температура +16…+33 градус шамасында сақталады.