ҚЫЗЫЛОРДА. 17 тамыз. Қызылорда облысында қырылған малдың өтемақысы төленіп жатыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Шілденің басында Жаңақорған ауданына қарасты 5 шаруа қожалығында мыңнан астам қой шығынға ұшыраған болатын. Осының салдарынан ауданда төтенше жағдай жарияланып, ауырған малдарды оқшаулау, емдеу шаралары жүзеге асырылды. Індет ошағында зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізген ветеринарлар малдың қырылуына эндотоксимия және пастереллез індеті себеп болды деген қорытынды жасады. Қазіргі таңда ауру малдарды санитарлық союға және мал иесіне өтемақы төлеуге жергілікті бюджеттен 16 миллион теңге бөлініп, қолдағы түлігінен айырылған шаруалардың шығыны өтелуде.
Облыстық ветеринариялық бақылау басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов соңғы бір аптадағы тексеріс бойынша Бесарық, Көбелдес шаруа қожалықтарында мал өлімі тоқтағанын айтты. Басқарма тарапынан шаруа қожалықтарында шығынға ұшырыған және ауырып тұрған малдарға күнделікті бақылау жасалып, тиісті емдеу шаралары уақытылы жүргізілуде.
Ержан Байтілес.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: kazgazeta.kz.